Дерекқор

"Ол мені қорғап қалды" Дінмұхамед Қонаев туралы не білеміз?

© МустафинДінмұхамед Қонаев, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері
Дінмұхамед Қонаев, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімі әрбір қазақ үшін қастерлі һәм қасиетті екені сөзсіз

Қылышынан қан тамған кеңес өкіметінің тұсында ел ағаларының басты арманы — ұлтын сақтап қалу болды. Олар тәуелсіздік үшін күрес жолында жан алысып-жан берісті. Дәл осындай азаматтардың бірі Дінмұхамед Қонаев еді. Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері халқы үшін қалай аянбай еңбек етсе, елі де оны дәл солай ұлықтап, төбесіне көтерді. Осы күнге дейін барлық жасағанын ескеріп, Димаш Ахметұлының өмір жолы бірізді болды деп айту қиын. Марқұмның өзі де өсиет естеліктерінде ғұмырында қуаныш пен қайғының қатар жүргені туралы айтып кеткен-ді. 

"Ақ басымды иіп, мың қайтара кешірім сұраймын"

"Мен Тәңір сыйға тартқан біраз жасқа келдім. Жақсыны да көрдім. Жан ауыртқан күндерді де бастан кешірдім. Ол — менің ғұмырым. Бірақ бұл өмірді халықтан бөле-жара қараған емеспін. Халқым ат жалын тартып мінген азамат кезден алдыма қойған бар арман, бар мақсатпен еншілес болды. Саған қалтқысыз қызмет еттім. Аманатыңа адал болдым. Соңғы демім таусылғанша еліме, жеріме қызмет етуден талмаймын. Менің тірі пендеге өкпем жоқ. Ал менде кеткен өкпе-наз болса, ақ басымды иіп, мың қайтара кешірім сұраймын. Біріншіден, үрейден аулақ болайық. Сенім жоғалмасын. Қиыншылық деген қиюы келмейтін іс емес, жұмыла көтерейік. Екіншіден, тату үйге тақсыр ет жуымайды. Бірлігіңе ие бол. Үшіншіден, өзіңе жақсылық тілесең, өзгеге жамандық қылма", — дейді Димаш Ахметұлы.

Қазақ халқының сүйікті ұлы 1912 жылы 12 қаңтарда Верный қаласында дүниеге келген. Әкесі Меңліахмет Жұмабайұлы 1886 жылы туған. Алматы облысында ауылшаруашылық және сауда мекемелерінде жұмыс істеген. Қазақ және орыс тілдерінде хат таныған сауатты адам болған. Ал анасы Зәуре Баирқызы 1888 жылы Алматы облысындағы Шелек ауданында өмірге келген. Бар уақытын балалары мен үй шаруасына арнаған.

Дінмұхамед Ахметұлы 1930 жылы Алматы қаласындағы мектепті үздік бітіріп, 1931-36 жылдары аралығында Мәскеудегі түсті металл институтында білім алды. Қайраткер ұл жарты ғасыр уақытта бұрғылау станогінің машинасынан Қазақстан орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметіне дейін көтерілді.

Шәкен Айманов Алдар Көсе рөлінде - Sputnik Қазақстан
Дерекқор
Қазақ киносының саңлағы Шәкен Айманов туралы не білеміз?
Дінмұхамед Қонаевтың бала күнгі арманы

Өзі жастайынан тау-кен инженері болуды армандағанын айтады. Ақыры осы арманының жетегімен инженерлік кәсіпті таңдады. Бұған сол заманда қазақтар арасынан инженердің шығуы сирек болғаны әсер еткен. Сондай-ақ, ұлт қайраткері тұңғыш қазақ инженері Мұхамеджан Тынышбаевты бала күнінен ерекше құрмет тұтқан. Бертін келе оның отбасы мүшелері мен баласы Ескендірмен етене жақын араласқан.

Димаш Ахметұлы осылайша еңбек жолын тау-кен инженері болып бастап, Балқаш мыс қорыту және Лениногор қорғасын-мырыш комбинатында қызмет істейді. Бірте-бірте қызметте жоғарылап, ғылым академиясының президенті болып тағайындалады. Бұдан өзге партия-кеңес органдарында, Қазақстан компартиясының орталық комитетінде қызмет етеді. 10 жылға жуық қазақ КСР министрлер кеңесінде төрағаның орынбасары, 27 жылдай Қазақстан орталық комитетінің бірінші хатшысы, 21 жыл СОКП ОК саяси бюросының мүшесі болады.

Дінмұхамед Қонаев ұзақ жыл қызметтен кейін зейнетке шыққан шағында визитка жасатқан екен. Осы кішкене төртбұрышты қағазға аты-жөні мен "тау-кен инженері" екенін ғана жаздырады. Сонда айналасындағылар қайраткердің қарапайымдылығына қатты таңғалған. Өзінің бұл шешімін "Оның бәрі — өтпелі де кетпелі, ал "тау-кен инженері" деген — өмірлік нәрсе", — деп жауап берген екен.

Тағы оқыңыз:

Көзі тірісінде үш мәрте социалистік еңбек ері атанып, Қазақ КСР ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы болды. Өмірінде "Ұлық болсаң, кішік бол" деген қағиданы берік ұстанды.

Димаш Ахметұлының жүрегін жаулап, сүйеніш болған әйел кім?

Димаш Ахметұлы сүйікті жұбайы Зуһра Шәріпқызымен тұп-тура 50 жыл 6 ай 2 күн отасқан. Ол әйеліне деген махаббатын өмір бойы жанына жалау қылып, өле-өлгенше сыйласқан. Қос жұпты таныған жандардың айтуынша, Зуһра Шәріпқызы ешуақытта "ұлықтың әйелімін" деп өзімшілдік танытпаған. Керісінше ашық-жарқын болып, айналасындағыларды қонақжайлылығымен қуантқан. Әрдайым ибалы да инабатты мінезімен ата-енесіне, еліне сыйлы келін болған.

Қайын атасы Меңдіахметтің дәрет алар суына дейін жылытып беретін әдетінен ешуақытта жаңылмаған. Сондай-ақ, қолынан өнер тамған іскер жан болған.  Жұбайлардың жарты ғасырға жуық уақыт отасқандарына қарамастан, туған перзенттері жоқ. Десе де, олар туысқандары мен достарының балаларын еркелетіп, бауырға басқан. Сондай-ақ, іні-қарындастарының ересек шақта білім алып, дұрыс тәрбие алуына себепші.

Бибігүл Төлегенова - Sputnik Қазақстан
Дерекқор
Қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегенова туралы не білеміз?
Димаш Ахметұлы туралы естеліктердің барлығында дерлік ол кісінің қарапайым, сабырлы да кеңпейіл жан болғаны жазылады. Үйде де, түзде де ашу шақырып, дауыс көтеру деген секілді әдеті болмаған. Үкімет қызметінде жүрген кезде жұмысқа ешбір оққағарсыз, жаяу баруды жөн көрген. Бұл кезде коммунистік партия басшылары керісінше қос-қостан күзет ұстайтын. 17 жыл жанында жүріп Қонаевтың жеке күзетшілерінің басшысы болған Анатолий Горяйнов оның, расымен де, оққағарлармен жүргенді ұнатпағанын еске алады.

"Шындығын айтқанда Димаш Ахметұлы қауіпсіздік шаралары дегенді жақтырмайтын. Сол себепті біз қызметімізді жасырын жүріп атқаратынбыз. Күзетті көргенде "Мені жыртқыш құс құсатып жетектеп жүргендеріңді қаламаймын" деп ренжитін", — дейді ол.

Анатолий Горяйнов тек оққағар емес, қоғам қайраткерінің фотографы қызметін атқарған. Халыққа жеткен суреттердің көбін түсірген. Бүгінде олардың көп бөлігі музейде сақталып тұр.

Демекең өзіне пышақ ала жүгірген әйелді қалай жазалады?

Сондай-ақ, Дінмұхамед Қонаевтың оққағары болған Михаил Алексеев сұхбаттарының бірінде көпшілік естімеген әңгімені айтып берді.

"Димаш Ахметұлын халық жақсы көрді. Ол кісіге ешкім жамандық ойламайтын. Біз Демекеңді қорғау үшін ешуақытта табелді қаруды пайдаланып көрген емеспіз. Бірақ, бірде тосын оқиға болды. Қонаев үкімет үйінен шыққан бетте оған қолында пышағы бар әйел тұра ұмтылды. Әрине, оның жолын оққағарлар кесті. Әйелдің ақыл-есі ауысқаны кейін белгілі болды. Тексерудің нәтижесін Қонаевқа баяндағанда ол кісінің бар айтқаны бірауыз сөз ғана болды: "Ауруханаға жатқызып емдесін. Оны ешкім ренжітпейтін болсын", — деп ол Қонаевтың жомарт мінезін еске алды.

Тағы оқыңыз:

Өз елінде Дінмұхамед Қонаевқа жамандық ойлаған адам жоқ болса да, ұлтжандылығына қызғанышпен қарап, жолын кеспек болғандар бар. Солардың бірі — бас хатшы Никита Хрущев. Оған жағымпазданған азаматтар Павлодар қаласын Хрущевград деп атауды ұсынды. Ал Хрущевтің өзі Қазақстанның солтүстігін Ресейге, оңтүстігіндегі бірнеше ауданды Өзбекстанға бергісі келді. Осындай мәселеге келгендегі Дінмұхамед Қонаевтың ұлтжандылығы Хрущевке ұнамады.

Астартын тартыс уақыт өте келе ашық қақтығысқа ұласып, 1962 жылы Дінмұхамед Ахметұлы қызметінен шеттетілді. Алайда бұл үзіліс көзді ашып-жұмғанша өте шығып, 1964 жылы қызметке қайта оралды. Бұған Никита Хрущевтің орнына Леонид Брежневтің келуі себеп еді. Екеуі достық қарым-қатынаста болып, Леонид Брежнев Дінмұхамед Қонаевтың Алматы қаласындағы үйіне қонаққа келіп тұратын. Бірде КСРО бас хатшысы қазақ баласының шағын пәтері мен қарапайымдылығын көріп қатты таңғалған екен.

Денис Тен - Sputnik Қазақстан
Дерекқор
Жарқ етіп сөнген бір ғұмыр: Денис Тен туралы не білеміз?
Жұртты қайран қалдырған қарапайымдылық

"Осындай үлкен республиканы басқарып отырған адам қалайша кішкене үйде тұруы мүмкін? Бар дүниең осы ма?" деп сұрағанда Қонаев "Зухра Шәріпқызы екеуімізге осы да жетеді" деп жауап берген екен. Осылайша Брежнев Қонаевтың үйінде бірнеше мәрте қонақта болып, оның өз қолымен пісірген тәттілерінен ауыз тиген. Екеуі ауылда емін-еркін жүріп әңгіме-дүкен құрған. Әсіресе, аңшылыққа бірге барғанды ұнатқан. Ең бастысы, Дінмұхамед Қонаев бұл достығын халықтың игілігіне қолдана білді.

Оның тұсында Қазақстанның экономикасы мен ауыл шаруашылығы өркендеді. Республиканың көптеген өңірінде зауыт-фабрикалар салынып, жаңа инфрақұрылымдар бой көтерді. Бұдан өзге Қонаевтың өнерпаздарды қолдауының арқасында қазақ өнерін бар әлем таныды.

Дінмұхамед Қонаев өмірінің соңғы жылдарына дейін аңшылықтан қол үзбеген. Мұны бүгінде музейінде тұрған саятшылыққа қатысты экспонаттардан байқауға болады. Ол қару-жарақ жинағанды ұнатқан. Десе де, жақындары оның бей-берекет аңдарды ата бермегенін, тек аңшылық маусымы кезінде қолына қару алғанын айтты.

Бұдан өзге халық әндері мен күйлерін тыңдап, романдар мен танымдық әдебиетті көп оқыған. Спорт түрлерінен бокс пен күресті ерекше ұнатқан. Қартайған шағында да күнде таңертең жарты сағаттай уақыт жаттығу жасайтын болған.

Қайраткер Олжас Сүлейменовті құтқарып қалды

Ақын Олжас Сүлейменов басына қара бұлт үйірілгенде Дінмұхамед Қонаевтың араша түсіп, өзін қауіптен аман алып қалғанын айтады.

"Қонаев туралы көп нәрсе айтуға болады. Азия кітабы шыққан кезде ол мені қорғап қалды. Брежневке бәрін түсіндіріп, енді мені қудалаудың жөнсіз екеніне көзін жеткізді. Демекеңмен бірге аңшылыққа да бардым", — дейді жазушы.

Жарты ғасырға жуық ел тағдырына араласқан абыройлы ұл көреген саясаткер ретінде есте қалды. Ұлт мүддесін қорғап қалуға келгенде ешкімге есе жібермеуге тырысты. Өзбекстанға өтіп кеткен Қазақстан аудандарын қайтару, тың жерлерді игеру, Ерейментау топырағынан неміс автономиясын ашуға жол бермеу және Шардараға атом электр станциясын салдырмау мәселесіне келгенде асқан табандылық танытты. Осы қажырлы еңбектің арқасында Қазақстан одақ бойынша екінші астықты алқапқа және көпсалалы өнеркәсіп аймағына айналды.

Тағы оқыңыз:

1978 жылы "Кеңестік Қазақстан", "Таңдамалы сөздері мен мақалалары", 1992 жылы — "О моём времени", 1994 жылы — "От Сталина до Горбачёва", 1994 жылы — "Ақиқаттан аттауға болмайды" атты мақалалары мен кітаптары жарық көрді.

Димаш Ахметұлының кішілігі мен кісілігі туралы айтылар естеліктер көп. Оның өмірінің соңғы жылдарын фотограф Жақсылық Тұрлыбеков таспаға түсіріп келді. Ол ауыл халқының Димашқа жиі балаларының аузына түкірткенін айтады. Кемеңгер азаматтың өсиеті мен өмір жолы, келер ұрпаққа берер өнегесі шам-шырақпен пара-пар екені сөзсіз. Қазақ деген ұлт барда Дінмұхамед Қонаевтың есімі ешуақытта ұмытылмақ емес. "Панам да — ел, данам да — ел. Соған арқа сүйедім. Содан үйрендім"деп өзі де ағынан жарылған.

Өкінішке қарай, халқының сүйікті ұлы өмірінің соңына қарай қиын күндерді бастан кешірді. Оған күйе жағылып, орынсыз пікірлер айтылды. Десе де ол қалың орманда тек биік қарағайдың басын жел қалай шалса, дәл солай төзе білді. Ақырында 1993 жылы Мұхамеджан Тынышбаевтың 125 жылдық мерейтойына қатысу үшін Сарқантқа барып, сол жерде 82 жасқа қараған шағында көз жұмды.

Жаңалықтар
0