Қоғам

Қазақстанда кейбір заттарды мектепке кіргізуге тыйым салынады

Білім және ғылым министрлігі балалардың арасындағы төбелес пен әлімжеттікпен күреспек
Sputnik

АСТАНА, 1 ақпан — Sputnik. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мектепке кіргізуге тыйым салынатын заттардың тізімін әзірлеуді тапсырды. Ереженің сақталуына оқушылардың ата-анасы жауап беретін болады.

Мұз айдынындағы төбелес: Ақтөбе облысында мектеп оқушысы көз жұмды
Министр бұл тапсырманы үкімет жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысында берді.

Мұндай шешім соңғы уақытта еліміздің бірнеше өңірінде білім беру ұйымдарында және одан тыс жерлерде оқушылар арасында жаппай төбелес, ұрып-соғу және қорлау оқиғаларының жиілеп кетуімен байланысты. Өкінішке қарай, төбелес салдарынан Ақтөбе облысында бір бала көз жұмды.

Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметі бойынша өткен жылы балалар арасындағы қылмыс саны 2017 жылдың деңгейінде қалған.

"2017 жылмен салыстырғанда кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстардың саны Атырау облысында 39,6%-ға, Алматы қаласында 33,5%-ға, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында және Астана қаласында 18%-ға, Ақмола және Ақтөбе облыстарында 11%-ға, Түркістан облысында 7,8%-ға  артқан", — деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Ішкі істер министрлігінің ақпаратына сүйенсек, 2018 жылы жасөспірімдердің қатысуымен болған оқиғаларды құқық қорғау органдарынан жасырғаны немесе дер кезінде хабарламағаны үшін білім беру ұйымдарының 170-тен астам қызметкері әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Полиция дәретханада құрдасын ұрып-соққан жасөспірімдерді тапты
Білім минисрлігі жергілікті жерде кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссиялардың жөнді жұмыс істемей отырғанын мойындайды. Олар оқушылар арасындағы шиеленісті жағдайларды анықтап, оның алдын алуға бағытталған іс-шараларды қабылдамайды.

"Қалыптасқан жағдай балалар арасындағы қылмыстың алдын алу бойынша қосымша шаралар қабылдауды талап етеді. Мектепке кіргізуге тыйым салынған заттардың тізімін бекітіп, бұл ретте ата-аналардың жауапкершілігін арттыруды тапсырамын. Барлық өңір балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оқиға болған кезде жедел әрекет ету маңызды", — деді Сағадиев.

Сондай-ақ, мектеп инспекторларының оқу орнында тұрақты болуын электронды бақылау жүйесі арқылы қамтамасыз етілмек.