АСТАНА, 28 қаңтар — Sputnik. Ақтөбе облысы Шалқар қаласында болған төбелестен кейін мектеп оқушысы көз жұмды. Алдын ала мәлімет бойынша, оны жасөспірім жарақаттаған.
"Жасөспірім аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмды. Біздегі мәлімет бойынша, бұл қорғану әрекеті болды. Қазір болған жағдайға байланысты күдікке ілініп отырған оныншы сынып оқушысы футболмен, баскетболмен айналысады, өзі жақсы оқиды", — деді №6 мектеп директорының қызметін атқарушы Әлия Оспанова.
Тағы оқыңыз: Кондуктор қатты аязда сегіз жасар оқушыны автобустан түсіріп кеткен
Марқұм жасөспірім бокспен айналысқан. Шалқарға көшіп келгенге дейн Ақтөбедегі спорттық шеберлік мектебінде білім алған.
Облыстық полиция департаменті әзірге болған жағдайға қатысты еш мәлімет бермеді.
Айта кетсек, ішкі істер министрлігі жасөспірімдер ісі жөніндегі комитеттің шұғыл отырысын өткізуді ұсынды. Бұған жасөспірімдер арасында төбелестің көбейіп кетуі себеп. Қаңтар айында Түркістан облысында жоғары сынып оқушылары өздерінен кіші балаларды тізерлетіп отырғызып, басынан ұрған. Ал Қарағандыда пиццерияда орын бергісі келмеген 11 жасар баланың соққыға жығылғаны белгілі болды. Сондай-ақ, полиция Қызылордада бір жыл бұрын қатарласын дәретханада ұрып-соққан оқушыларды қолға түсірді.