АСТАНА, 15 қаңтар — Sputnik. Гүлдәрия Теміржанова Оңтүстік Қазақстан облысындағы Созақ ауданының Сызған ауылында туып-өскен. Алматы қаласына 2005 жылы анасының соңынан көшіп келген. Бүгінде жасы отыздан асып, бір қыз тәрбиелеп отырса да, әлі күнге дейін жеке куәлік жасатып көрмегенін айтады.
Әрі қарай әйел 2013 жылы Түркістан маңындағы Нұртас ауылының азаматына тұрмысқа шыққанын айтты. Арада бір қыз дүниеге келгеніне қарамастан, заңды некеге тұрмаған. Кейін күйеуінің шектен тыс қызғаншақтығына бола бөлек тұруына тура келген.
"Ол кісі нашарлау болды. Мені әке-шешеңе кетіп қаласың деп қатты қызғанып, үйден бір адым шығармады. Тіпті, босанар кезде перзентханаға жібермей, қызымды үйде тууға мәжбүр болдым. Ең ақыры қызыма сегіз ай толғанда маған қол көтеріп, енем "Сені өлтіріп тастамай тұрғанда төркініңе апарып тастайын" деп үйіме әкелді. Сол кеткеннен күйеуіммен ұзақ уақыт араласпадым", — дейді ол.
Тағы оқыңыз: Түркістандық кейуана 28 жылдан кейін ұлымен қауышты
Бұдан кейін әйел 2017 жылы күйеуімен қайта татуласпақ болып, Ынтымақ ауылына қызымен бірге барады. Қайын жұртының үйінде азаматтық некедегі күйеуімен қайта жолығып, екеуі бірге тұруға шешім қабылдайды. Бірақ араға үш күн салып күйеуі тағы да ішімдік ішіп, қол көтерген. Осы жағдайдан кейін бұрынғы қателігін қайталамайын деп үйден кетіп қалған. Енді өзінің құжаттарын толықтай қалпына келтіру үшін жұрттан көмек сұрап отыр.