АСТАНА, 15 қаңтар — Sputnik, Қарлыға Бүйенбай. Қазақта "Үйлену оңай, үй болу қиын" деген аталы сөз бар. Сезімге беріліп, мәңгі бірге болуға серттесіп, той жасау оңай болғанымен, кішкене ғана шаңырақта махаббат отын мәңгілік тұтату қиынның қиыны. Себебі, өзге ортада тәрбиеленген адаммен жиырма төрт сағат бойы бірге болғанда кемшіліктерін көзге ілмеу мүмкін емес. Оның үстіне күнделікті тынымсыз тіршілік адамды қажытып, романтикалық қарым-қатынастың өрбуіне кедергі келтіреді. Осы орайда, қазақстандық танымал психоаналитик мамандар отбасын қалай сақтап қалуға болатынын айтты.
Психоаналитик Анна Құдиярова неке қимас бұрын әр адамның өзіне "Мен тұрмысқа шыққым келе ме/Үйленгім келе ме?" деген сауалды қою керектігін айтады. Себебі, адам іштей отбасын құруға дайын болмаса, қанша тырысқанымен, шаңырағының берекесін сақтап қала алмауы мүмкін.
"Біздің қоғамда әлі күнге дейін "отбасын құру керек" деген стереотип қалыптасқан. Сол себепті көптеген қазақстандық әйел некелесуге асығады. Маған көбінесе аналар хабарласып "Қызымның жасы отыздан асып барады. Әлі күнге дейін отбасын құра алмай жүр. Туыстардың алдында ұят болды" дейді. "Ал қызыңыздың өзі қалай ма?" десем, "Мұндай артық сұрақтарсыз қабылдай алмайсыз ба?" деп ренжиді. Қыздың өзі қаламаса болмайды", — дейді маман.
Анна Құдиярова әр қыздың өзін анасына ұқсататынын және осының әсерінен көптеген қиындық туындауы мүмкін екенін айтады. Яғни қыз бала анасын жақсы көріп, үнемі оның жанындағы ер адамға — өзінің әкесіне назар аударады. Егер әкесі маскүнем болса, ол да өзіне серік ретінде дәл осындай адамды таңдайды. Мұның барлығы бейсаналы деңгейде жүзеге асады. Осы орайда маман мысал келтірді.
Тағы оқыңыз: Баланың болашақта отбасын құру алуы әкесіне байланысты
"Мұндайды өмірде көп кездестіруге болады. Клиенттерімнің бірі, айтуынша, шенеуніктің жалғыз ұлына тұрмысқа шыққан. Күйеуі де өзіне жақсы қараған. Алайда ол әлгі ер адаммен бәрібір ажырасып, қатардағы такси жүргізушісімен көңіл қосады. Оған екі бала туып береді. Неге? Себебі, оның әкесі де дәл осылай ішімдікке салынып, үнемі үстінен бензиннің иісі шығып жүретін еді. Яғни әйел бейсаналы деңгейде әкесі секілді адам іздеген болып тұр", — дейді Орталық Азиядағы психоанализ институтының директоры.
Анасымен қарым-қатынасын дұрыстаса, сүйіктісімен бақытты болады
Психоаналитик мұндай жағдайдың алдын алу үшін әрбір қыз баланың тұрмысқа шықпас бұрын әкесінің бойында қандай қасиеттерді бағалайтынын және қабылдамайтынын анықтап алуы тиіс екенін айтады. Сондай-ақ, маман қыз баланың ер адамдармен тіл табыса алуы үшін анасымен қарым-қатынасының жақсы болуы маңызды екеніне тоқталды.
Маман Светлана Мергенбайқызы отбасын құрғысы келетін адамдардың ата-анасының қарым-қатынасына қарап, олардың қайсысын өзіне үлгі еткісі келетінін таңдауы керектігін айтады. Сондай-ақ, сүйіктісінің отбасындағы өзара қарым-қатынастың қандай екеніне қарау қажет. Әдетте, ата-анасы ажырасқандар ересек шақта өздерінің сүйіктілерімен айырылысуға бейім келеді. Ал толыққанды отбасында өскендер мүмкіндігінше некені сақтап қалуға тырысады.
"Қандай да бір кемшілігінен бұрын, ер адам мен әйел адамның болмысы маңызды. Егер сүйіктіңізге деген бейсаналы қарым-қатынастың қандай екенін білгіңіз келсе, оның өмір сүруіне бес минут қалды деп елестетіп көріңіз. Кейін "Не туралы ойладыңыз? Не сезініп тұрсыз? Не айтасыз? Не жасайсыз?" деген төрт сұраққа жауап беріп көріңіз. Көп жағдайда адамдар осы сәтте көзіне жас алып, серігінен кешірім сұрап, қарым-қатынасты әрі қарай жалғастыруға дайын екенін айтады. Егер бойыңызда осындай сезім пайда болса, бұл отбасыны сақтап қалуға болады", — дейді Светлана Мергенбайқызы.
Сүйіктіңізбен бір деңгейде болуға тырысыңыз
Астаналық психоаналитик Жанар Оспанова отбасы мәдениетін қалыптастырудың маңызына тоқталды. Яғни, ерлі-зайыпты бірінші орынға балаларын немесе өзгелерді емес, бір-бірін қоюы тиіс. Осы орайда, маман ғашық жандарға өзін дамытып отыруға кеңес берді.
Тағы оқыңыз: Ерлі-зайыпты бір-бірін неге қызғанады?
"Өкінішке орай, көп жағдайда ерлі-зайыптының біреуі тұлға ретінде өседі де, екіншісі қалып қояды. Бұл — жаман белгі. Қандай жағдай болмасын, сүйіктіңізбен бір деңгейде болуға тырысыңыз. Күйеуінің көлеңкесіне айналған әйел ешкімге қызық емес. Мүмкіндігінше өзіңіз жақсы көретін іспен айналысып, әртүрлі үйірмеге қатысыңыз. Құрбыларыңызбен жолығып, өзіңізге уақыт арнаңыз", — дейді психоаналитик.
Сондай-ақ, маман ерлі-зайыптыларға бір-бірін "шешесі", "әкесі" деп атамауға кеңес берді. Себебі бұл ерлі-зайыптының қарым-қатынасына айтарлықтай әсер етіп, төсектес болуға деген құштарлықты төмендетеді.
"Қандай жағдай болмасын, сүйіктіңізбен бірге ұйықтаңыз. Себебі, ерлі-зайыптының төсегі кез келген кикілжіңді шешеді. Мұнымен қатар, жұбайлардың бір-біріне жел шығаруға рұқсат бергені дұрыс. Әрине, мұны метафора, символ ретінде айтып жатырмын. Бірақ ол көп нәрсені білдіреді. Егер ерлі-зайыпты осы нәрсеге рұқсат берсе, бір-бірін бар қалпында қабылдайды деген сөз. Олар осылайша бір-біріне еркіндік береді. Ал бұл — өз кезегінде отбасылық махаббаттың көрсеткіші", — дейді Анна Құдиярова.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда көпбалалы жұлдыздар кімдер?
Мұнымен қатар, психоаналитик әлі күнге дейін ерінің көзінше шешінбеуге тырысатын әйел адамдардың барын айтты. Осы орайда, клиентін мысалға келтірді. Әйел адам күйеуінің өзін әлі күнге дейін косметикасыз көрмегенін айтып мақтанған. Бетіндегі косметиканы сүрту үшін күйеуінің ұйықтағанын күтіп, одан бұрын оянуға тырысады. Маман бұл ерлі-зайыптылардың бір-бірін сол қалпында қабылдай алмауының белгісі екенін айтады.
Ал, Сіз құрметті оқырман, сүйіктіңізді бар қалпында қабылдап жүрсіз бе? Оған кемшіліктерін көрсетуге рұқсат бересіз бе?