АСТАНА, 21 қараша — Sputnik, Қарлыға Бүйенбай. Түркияда туып-өскен қандасымыз Шерхан Деништук жырақтағы қазақтардың өмірінен сыр шертіп, бойын сағыныш сезімі кернегенде атажұртына бір-ақ күнде көшіп кеткісі келетінін айтады. Кейде кеудесін "Ұрпағым қазақ жерінде өсіп-өнбеді" деген өкініш сезімі де кернейтінін жасырмады. Айтуынша, бұған себеп те жоқ емес. Соның бірі Түркиядағы қандастардың қазақ тегін ауыстыруға мәжбүр болатындығы.
Түркияда қазақша тегімізді қалдыруға рұқсат бермейді
"1953 жылы әке-шешеміз Түркияға келген кезде аты-жөндері қазақша болған. Бірақ, азаматтық алатын кезде өзге ұлт өкілдері алдын ала әзірленген кітапшадан өзіне фамилия таңдап алады. Түркияның заңымен осылай бекітілген. Десе де, қазақы есімдерін қалдыруға рұқсат", — деді ол.
Сондай-ақ, бүгінде Түркияда қазақ балалары ана тілін жетік білсін деген ниетпен арнайы қазақ тілінің курстары ұйымдастырылған. Себебі, оқуда және жұмыста негізінен түрік және ағылшын тілі қолданылады.
"Тілге байланысты ешқандай қиындық болып көрген емес. Әке-шешеміз де, бала-шағамыз да қазақша сөйлейді. Десе де, қазақ тілінде оқытатын мектептердің жоқтығы аздап қиындық тудырады. Оның үстіне бір сыныпта 5-10 қазақ баласы оқуы мүмкін", — деді қандасымыз.
Әке-шешеміз сағынышы туралы жылап отырып айтады
Шерхан Деништуктың әйелі — қазақ қызы. 16 жастағы ұлы мен 14 жастағы бір қызы бар. Әйелінің есімі — Нұрдан, ал ұлының есімін Орхон, қызын Арал деп қойған. Сондай-ақ, ол кейде балаларының әке-шешесінің кіндік қаны тамған жерде тумағаны үшін бойын өкініш сезімі кернейтінін жасырмады.
"Қазақ болып туғанымды мақтан тұтамын. Түркияда жүрген қазақтардың бойында да дәл осындай өкініш бары сөзсіз. Кейде әке-шешелеріміз бұл туралы көзіне жас алып отырып айтады", — деді Шерхан Деништук.
Ең алғаш ол атажұртына 2014 жылы келген. Түркияда құрылған қоғамдық қордың төрағасы болғандықтан, сол жылы Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігінің ауқымды шарасына шақырту алған. Бұл уақытқа дейін Еуропаның Франция, Германия сынды мемлекеттерін жұмыс бабымен аралап көргенімен, тарихи отанына келуге еш мүмкіндігі болмаған. Бұған басты себеп — жұмысы.
"Қазақстанға баруды көптен бері армандап жүрдім. Кейде тіпті "Қашан барамын? Әйтеуір, зейнетке шыққанда бірақ барып жүрмеймін бе?" деп қорқатынмын. Келген соң жақсылап 20 күндей аралағымыз келеді. Ал жұмыста жылына 10-15 күнге ғана демалыс береді. Оның өзі той-томалақтармен өтіп-кетеді. Әйелім де жұмыстан шыға алмайды, ал бала-шағам сабақта", — деді ол.
Көшіп келер күннің ауылы алыс емес
Десе де, көкейінде жүрген басты арманын орындайтын күннің ауылы алыста емес сыңайлы. Себебі, келер жылдың жазында отбасымен Қазақстанға көшіп келуді жоспарлап отыр. Нақты қай уақытта көшіп келетіні жұмысымен тығыз байланысты. Осы орайда, Қазақстанның экономикалық жағдайы Түркияға қарағанда артта болса да, мұның еш кедергі болмайтынын жеткізді. Айтуынша, атажұртқа көшіп келу үшін кез келген қиындықты өткеруге дайын.
"Атамекенімді қатты жақсы көремін. Маған ешуақытта жаман әсер қалдырған емес. Алғаш ұшақпен ұшып келгенімде әуежайда құжатымды бір қазақ жігіт тексерді. Маған "Түріксіз бе? Қазақсыз ба?" деп қатты таңғалды. Орта жүз, Керей екенімді білгенде күлді. Содан сыртқа шығып қызыл-жасыл шамға қарап тұрсам, жанында "тоқта" деген жазу тұр. Ана тілімдегі жазуды көргендегі ерекше сезімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Қазақстанды қатты жақсы көремін", — деді қандасымыз.
Тағы оқыңыз: Оралмандардың еңбек өтілі неге есептелмей жүргені белгілі болды
Сондай-ақ, көшіп барған әке-шешесіне және өзге де қазақтарға көмектескен Түркия мемлекетіне алғысы шексіз екенін жеткізді. Алғаш барғанда бір-бір үй, мал және егін егетін жер берген. Кейін 10 жыл жағдайларын жақсартып алғанға дейін салықтан босатқан.
Түркияда әйелдер намаз оқымаса да оранады
"Түркияда мешіт өте көп. Бұл Қазақстаннан басты айырмашылығы деп ойлаймын. Қазақстанның біраз жыл Ресейдің отарында болғанын білеміз. Тәуелсіздік алған жылдары елде небәрі 3-5 мешіт қана болатын. Қазір бұл жағдай өзгерді. Мұнымен қатар, Түркияда әйел қауымы намаз оқымаса да, бастарын орамалмен жауып жүруді жөн көреді және біреу-біреуге "Сен неге намаз оқымайсың?" деп ақыл айтпайды. Қалай десек те, адамдардың бәрі бірдей жақсы немесе жаман деп айта алмаймын. 80 миллион халықтың ішінде әртүрлі адам бар. Жалпы Түркияда өмір қиын емес", — деді ол.
Бұдан өзге ол екі мемлекеттің дастарханындағы айырмашылыққа тоқталды. Қазақстанға қарағанда, Түркияда тағам түрлері көп және олар тағамға бұрыштың түр-түрін қосуға тырысады. Сондай-ақ, Түркиядағы қазақтар мәнті, ет асу, палау сынды тағамдарды да көп жасайды.
Түріктер жемейтін жылқы етін қазақтар көп шоғырланған ауылдан алдырады. Мұнымен қатар, соңғы 15-20 жылда қазақтардың арасында да аралас неке кездесіп жүргенін айтты. Бұрын-соңды мұндай болмаған екен.
Қазақ қазаққа тойға қарыз алдырмауға тырысады
"Жалпы қазақтардың 90-95%-і тек өз ұлтынан қыз алып, қыз беріскісі келеді. Өзім де болашақта құдаларым қазақ болса екен деп армандаймын. Десе де, бала-шағамның таңдауын сыйлап, қарсы келе алмайтын шығармын деп ойлаймын. Тойды да өзіміздің ұлттық салт-дәстүрлерге сай жасаймыз. Қалың мал болғанымен, оның көлемі жігіттің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымен тікелей байланысты", — деді қандасымыз.
Осы орайда, Түркиядағы қазақтардың бір-бірін жақсы танитынын және той кезінде жас жұбайларға көп ақша беріп, дүние-мүлкін түгендеуге көмектесетінін айтып өтті.
"Мүмкіндігінше қазақ қазаққа тойға қарыз алдырмауға тырысамыз. Керісінше жабылып, тойдың ойдағыдай өтуіне жағдай жасаймыз. Әдетте жас жұбайлардың туғандары ақшалай сыйлықты көбірек, алыс таныстары шама-шарқы келгенше береді", — деді ол.
Сөз соңында Шерхан Демиштук барша қазақстандыққа және елбасына зор денсаулық тіледі. Түркияда жүрген қазақтардың оларды шын жүректен жақсы көретінін жеткізуді сұрады. Отанға деген сағынышының бір сәтке де басылмағанын айтты.
"Атажұртты сағынған кезде бір-ақ күнде көшіп кеткім келеді. Сағынышымызды аз да болсын басайық деген ниетпен қазақтардың шайханаларына барып, сол жерде туған ел туралы әңгімелесеміз. Тіпті, шыдамаған кезде ұшаққа билет алып, келе салатын кездеріміз де болады", — деп Шерхан Деништук Қазақстанға көшіп келетін күнді асыға күтіп жүргенін айтты.