АСТАНА, 21 қыркүйек — Sputnik. Әлемге әйгілі Гарвард және Оксфорд университтері оқуға шақырған бүркітші қызға тағы бір стипендия ұсынылды. Бұл жолы 20 мың доллар көлеміндегі грантты жасөспірімнің тарихи отаны бермек. Бұл туралы "білім-инновация" халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазақтың құсбегілік өнерін әлемге танытқан Айшолпан Нұрғайыпқызына тарихи отаны 20 мың доллар көлемінде грант ұсынды. Аталған грантты жасөспірім Қазақстанда бір жыл мерзімде ағылшын тілін үйренуге пайдалана алады.
"Бүгінгі жағдай біз үшін өте маңызды әрі әсерлі болып отыр. Бір кездері Айшолпан туралы сюжетті көріп оның өнеріне таңырқаған едім. Ол өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, әлем назарын өзіне аудартып, кішкентайынан үлкен жетістіктерге жетіп жүр. Осы күнге дейін Айшолпан 30 елді аралаған. Бір Американың өзіне 8 рет барған. Мен көрген сюжетте "Қазақстанды көру — менің басты арманым" деп жүректі елжіретті. Осыған орай, бүркітші қызды тарихи отанына алып келуді жөн көрдік. Жалпы Айшолпан моделінде өзіміздің ұлттық құндылығымызды тағы да дәріптей түссек дейміз. Неге десеңіз, жаһандану үдерісінде жастарымыз ұлттық код пен ұлттық келбеттің не екенін білмей жүр", — деді Дархан Өте.
Әрі қарай қор президенті Айшолпанның қазақты әлемге танытуға қосқан үлесі туралы айтты. Сондай-ақ, оған Қазақстан тарапы тағы да бір грант ұсынатынын жеткізді.
Гарвард пен Оксфорд қазақтың бүркітші қызын оқуға шақырды
"Айшолпандай қазақтың қарапайым қызы елімізді Головкин деңгейінде танытып отыр. Оны Гарвард пен Оксфорд өзіне шақырғанын жақсы білесіздер. Осыған орай біз Айшолпан мен анасына ұсыныс айтуды жөн көрдік. Осы Гарвардке баруына бір жыл қалғандықтан, Айшолпан Астанадағы білім-инновация ордаларына қарасты Кембридж бағдарламасымен оқытатын Spektrum мектебінде бір жыл бойы дайындалса деген ниетіміз бар. Басты мақсатымыз бүркітші қызымыздың тіл деңгейі мен академиялық қабілетін көтеру. Әрине, оның Гарвардке барған кезде өнерімен, осы ұлттық құндылықтарды дәріптейтіндігімен жұлдыз болатыны сөзсіз. Дегенмен, Гарвард академиялық білім беретін жер. Осы білімді бірден меңгеріп кету үшін тіл үйрену қажет. Жалпы осындай ұсыныс жасап отырмыз. Гранттың көлемі — 20 мың доллар", — деді қор президенті.
Сондай-ақ, Дархан Ермаханұлы осы шараны ұйымдастыруға көмектескен Ерлан Қаринге алғыс айтты.
Естеріңізге сала кетсек, 2016 жылы Моңғолияда тұратын қазақ қызы Айшолпан Нұрғайыпқызы туралы "Бүркітші қыз" атты режиссер Отто Беллдің деректі фильмі шыққан болатын. Алғаш рет 2014 жылы ағылшынның Daily Mail басылымы "Қазақтың салт-дәстүріндегі асыл құндылықтардың бірі — құсбегілік өнерін игерген он үш жасар жалғыз қыз" атты Айшолпан жайлы мақала жариялап, оны бүкіл әлемге танымал етті.