ПЕТРОПАВЛ, 28 қазан — Sputnik. Петропавлда жаяу жүргіншілер жолында қатты жылдамдықпен келе жатқан көлік жігітті қағып кетті, соққыдан оның аяғы жұлынып қалды. Зардап шеккен жігіт қазір ауруханада ауыр хәлде жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оқиға куәгерлерінің айтуынша, жол апаты сенбі сағат 19.30 кезінде Қизатов көшесінде үшінші ауруханаға қарама-қарсы жерде болған.
СҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі бұл оқиғаны растады, полиция жүргізушіні ұстаған.
"Mitsubishi Montero Sport көлігінің 1988 жылы туған жүргізушісі Қизатов көшесінде жаяу жүргіншіні соғып, қашып кеткен жол көлік апаты фактісі сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестріне қылмыстық кодекстің 345-бабының 2-бөлігі бойынша енгізілді. Полиция қызметкерлері жүргізушіні ұстады, қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр", — деп хабарлады ішкі істер департаментіндегілер.
Жігітті соғып кеткен жүргізушінің рөлге мас күйінде отырғаны белгілі болды.
Қазіргі уақытта қала тұрғындары зардап шеккен тұрғынға қан тапсыруда. Ол ауруханада ауыр хәлде жатыр, оған сирек кездесетін қан тобы — резус-факторы теріс үшінші топтағы қан қажет.