Қоғам

Әлемге әйгілі бүркітші қыз: басында бәрі маған қарсы шықты

Моңғолияда тұрып жатқан бүркітші Айшолпан Нұрғайыпқызы туралы деректі фильм отандық арналардан 14 қазаннан бастап көрсетіледі
Sputnik

АСТАНА, 21 қыркүйек — Sputnik. Бүркітті алғаш рет қолға үйрете бастағанымда, менің бұл өнермен айналысуыма көптеген адам қарсы шықты. Қыз балаға бүркіт ұстауға болмайтынын айтып жатты. Бірақ мен барлық кедергіге қарсы тұра білдім. Осылай деді бүркітші Айшолпан Нұрғайыпқызы орталық коммуникациялар қызметінде өткен "Көшпенділер" атты деректі фильмге арналған баспасөз конференциясы кезінде.

Гарвард және Оксфорд университеттері қазақтың бүркітші қызын оқуға шақырды

Осы күнге дейін әлемнің 30 елін аралап үлгерген бүркітші қыз Қазақстанға алғаш рет келіп отырғанын айтты. Өзіне сөз кезегі берілген сәтте көзіне жас алып, көпке дейін толқып сөйлей алмады. Осы орайда, басқарма төрағасы Ерлан Қарин оны қошеметпен демеп жіберуді өтінді.

"Бүркітті алғаш рет қолға үйрете бастағанымда көптеген адам маған қарсы шықты. "Қыз балаға бүркіт ұстауға болмайды. Олар үйде отыруы тиіс" деп айтты. Бұдан да өзге көптеген сын айтылды. Бірақ мен бәрін жеңіп шығып, өзімнің нағыз бүркітші қыз екенімді дәлелдедім", — деді ол.

Айшолпанның әкесінің айтуынша, бүркітті қолға үйрету кез келген адамның қолынан келе бермейді. Сондай-ақ, анасы бұл өнердің қызына әкесінің тәрбиесінің арқасында берілгендігін айтады. Ал Айшолпан Нұрғайыпқызының өзі бұл бүркіттің бастапқыда ағасынікі болғанын жеткізді. Оны қолға үйрете бастауына ағасының отан алдындағы борышын өтеуге кетуі себеп болған екен.

Моңғолиядағы қазақ қызы бейнеленген сурет халықаралық байқауда бірінші орын алды

"Бүркітті қолға үйрете бастауымның өзіндік себептері бар. Біріншіден, бұл жеті атамнан келе жатқан өнер. Оның үстіне өзім де бала кезімнен бастап бүркітпен бірге өстім. Ағам бүркітші болды. Ол кісі оқуын бітіріп, әскерге кеткенде бүркіт маған қалды. Оны қолға үйрете бастамас бұрын әке-шешемнен рұқсат сұрадым. Уақыт өте келе бүркіт ұстап әкеммен бірге аңға шығып жүрдім. Осыдан кейін Отто Белл есімді кісілермен бірге екі жарым жыл бүркіт туралы фильм түсірдік. Кейін тағы бір фотограф суретімді әлемге танытқан екен. Осы күнге дейін көптеген елге бардым, бірақ Қазақстанға алғаш рет келіп отырмын. Қазақстанда кісілерді көріп, олардың тыныс-тіршіліктерімен танысқым келді. Өте ғажап әсерде отырмын, барлығы тамаша", — деді бүркітші қыз.

Естеріңізге сала кетсек, 2016 жылы Моңғолияда тұратын қазақ қызы Айшолпан Нұрғайыпқызы туралы "Бүркітші қыз" атты режиссер Отто Беллдің деректі фильмі шыққан болатын. Алғаш рет 2014 жылы ағылшынның Daily Mail басылымы "Қазақтың салт-дәстүріндегі асыл құндылықтардың бірі — құсбегілік өнерін игерген он үш жасар жалғыз қыз" атты Айшолпан жайлы мақала жариялап, оны бүкіл әлемге танымал етті.