Өңірлер

13 тастанды балаға қамқор болған отбасы қандай қиындыққа тап болғанын айтты - фото

Sputnik Қазақстан тілшісі қиын-қыстау заманда 13 тастанды баланы қамқорлығына алған Жұмашевтар әулетінде қонақта болып қайтты
Sputnik

ТҮРКІСТАН, 18 қыркүйек — Sputnik, Жансая Тәуекелқызы. Түркістан облысы, Кентау қаласында тұратын 84 жастағы Ысқақ қария жұбайы Гүлжахан Керімбайқызы екеуі бес баланы дүниеге әкелген. Ал егемендік алып, қиын-қыстау заман туған кезде қария елге көмегім тисін деген мақсатпен 13 тастанды баланы қамқорлығына алады.

Қауесет пен ақиқат

Жұмашевтар әулеті 1994 жылы өз үйінде "Арнұр" балалар үйін ашады. Шаңырақтың отағасы Ысқақ Тұрғанбайұлы алғашында "Жасаған қайырымдылық ісіміз өткен ғасырда өткен оқиға. Оны жұртқа айтып, мақтанатындай жағдай емес, қарағым" деп балалар үйі туралы айтудан бас тартқанымен, кейіннен сұхбат беруге келісімін берді.

Қостанайда жетім және кедей қыздарды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген

"Мен өзім жетім өскен адаммын. Алла нәсіп етіп, шаңырақ көтеріп, аяқтан тұрған соң тастанды балаларды тәрбиелеймін деген ой болды. Егемендік алған алғаш жылдары елде қиын заман болды. Көкек аналар балаларын көрінген жерге тастап кететін. Жұбайым екеуміз келісіп, дүние есігін енді ашқан сәбилерді өлтіріп алмайық, осыларға шамамыздың келгенінше көмек берейік деп осы балалар үйін аштық. Елбасымыздың өзі халыққа қолдан келгенше елге жәрдем беріңдер деп айтты. Біреулер егін егіп, бірі мал бағып, шамасы келгенше жұмысын дөңгелетіп отырды.

Мен өзім алпыс жыл дәрігер болған адаммын, қолымнан келгені қараусыз қалған балаларды қамқорлығыма алу болды. Осылайша халық санының артуына титтей болса да үлесімді тигізсем дедім. Бүгін ол арманым орындалып та жатыр. Тәрбиеленген қыздар тұрмысқа шығып, ұрпақ сүйіп отыр", — деп әңгімесін бастаған қайырымды жан оның бұл шешімін әкімшілік тарап та құптағанын атап өтті.

Тек уақыт өте түрлі кедергілер болған. Ысқақ Жұмашев балаларды шетелге сату үшін тәрбиелеп отыр екен деген қауесет те тарайды. Тіпті еліміздің бірінші ханымы Сара Алпысқызы балалар үйінің жұмысымен танысқысы келгенде, әлдекімдер тосқауыл болып, жабылып қалыпты деп жалған ақпарат та беріпті.

Жұмашевтар әулеті 13 тастанды баланы қамқорлығына алады

Қыздардың үшеуі тұрмысқа шыққан

Балалар үйіне он үш бала қабылданады. Бесеуі ес біліп қалған 4-7 жаста келген. Уақыт өте олардың ата-аналары аяқтан тұрып алған соң перзенттерін алып кеткен. Тағы төрт баланы белгілі себептермен аналары сонда өткізеді. Бірінің анасы қатты сырқаттанса, келесі бірінің атасы қызының босаға аттамай бала тапқанын біліп, қабылдамай қойған.

"Тапқыр шебер" атанған түркістандық қария ерекше ісімен жұртты таңғалдырып жүр - фото

Тағы бірінің анасы отбасылы азаматпен көңіл жарастырып, кейін ер кісі онымен шаңырақ көтеруден бас тартады. Қиын жағдайға тап болған аналар амалсыздан сәбилерін балалар үйіне өткізуге мәжбүр болады. Осылайша тоғыз баланы бірнеше жыл өткен соң аналары қайта қамқорлығына алыпты. Ал төрт қыз туа салып, Ысқақ ата пен Гүлжахан апаның тәрбиесін алады. Төртеуі де құжат бойынша "Арнұр" балалар үйінің тәрбиеленушісі деп жазылған, тіпті тегі деген жерде "Арнұр" деп көрсетілген.

Қыздардың бәрі де оқу озаты болады. Қария оларды қамқорлығына аларда ел-жұрт "тегі белгісіз, мүмкін нашақордан туылған шығар, ертең бәрібір қан деген жібермейді" деп қарсылық танытқанын да жасырмады.

"Бәрі тәрбиеге байланысты ғой. Шүкір, қыздарымыз өте ақылды болып өсті. Мектепте оқу озаты атанды, өз күштерімен оқуға түсті. Грантта оқыды. Қазір үшеуі тұрмысқа шықты. Екеуі ана атанып үлгерді. Бір қызымыз медицина мамандығы бойынша білім алып жатыр. Өз балаларымыз бен олардың жас айырмашылықтары әжептеуір. Сондықтан оларды немерелеріміздей көреміз. Бәрі де бауырмашыл. Олардың балалары бізге шөбереміз", — деді Ысқақ Жұмашев.

Ешкі асырап, соның сүтін беріп өсірген

Ысқақ ақсақал мен Гүлжахан әже өздері үш ұл, екі қыз дүниеге алып келген. Барлығы да шаңырақ көтерген, қызметте. Ата-аналарының тастанды балаларды қамқорлығына алу туралы шешіміне еш қарсылық танытпапты. Айтпақшы, балалар үйі ашылған кезде қарияның ұлдары әлі шаңырақ көтере қоймаған екен. Гүлжахан апа балалары келін түсірмес бұрын, отбасындағы жағдайды түсіндіріп барып, келісімін алу туралы ескерткен екен. Яғни, үш келін ата-енесінің бұл қайырымды ісі туралы біліп келген. Тіпті үш келін балалардың тек тәрбиешісі емес, анасы да бола біліпті.

Жетім балаларды асырап алғандар табыс салығынан босатылады

Гүлжахан әжей мен Ысқақ қария балаларды бағу үшін ешкі асырап, соның сүтін беріп өсірген екен. Бір мезгіл ана сүтін ішсін деп, келіндері де балаларды емізіп келген. Қыздар шаңырақтың кенже ұлы мен келінін "ана", "әке" атап кеткен. Қыздардың оқуға түсуі, керек жарағын алып беру, тұрмысқа шығарарда артынан апаратын жасауы, бесік апару сынды шығынның барлығын кенже ұл мен келін өз міндеті санайды. Өздерінің екі қыз, бір ұлы бар, төрт қызбен қосқанда жеті перзент. Көпшілік жиындарда Гүлжахан апа келінім алтын алқа иегері деп мақтанып айтып отырады екен.

"Төрт қыздың үлкені 24-те, кішісі 22 жаста. Балалар үйі ашылған жылдары өзідеріңіз білесіздер, елдің жағдайы қиын болды. Азық-түлік кезекпен берілді, жылу, газ деген болмады. Жарық жоқ. Сегіз бесікті қатар қойып, күн-түн демей, тербетіп өткен күндер болды. Уақыт өтіп төртеуін аналары алып кетті. Төрт қыз біздің отбасында қалды. Шынымды айтсам, сол жылдары өмір тоқтап қалған секілді күй кештім. Қазір бәрі артта", — деп өткен күнді еске алды ақсақалдың жұбайы.

"Тастанды балаларға шындықты айту оңайға соқпады" 

Балалар үйінің тәрбеленушілері өздерінің тастанды екенін бастауыш сыныпта оқып жүргенінде естіген екен.

"Бала ғой, бірде үйдің алдында ойнап жүрген оларға көрші үйдің бір қызы "сендер ата мен апаның қызы емессіңдер, сендерді асырап алған" деп айтыпты. Қыздарымыз мән бермеген, ішіндегі пысықтауы "Бастарыңа келсін" деп жауап қатыпты. Бір күні әлгі көрші қыздың әкесі қайтыс болады. Сол кезде қыздарымыз үйге келіп, "Апа-ата, бізге солай деп айтқан еді. Әкесі қайтыс бопты" деп келді. Әне, көрдіңіз бе, қанша бала болғанымен көңілге алып қалған ғой. Содан атасы бәрін жинап, жағдайды түсіндіріп берді. Бастауыш сынып оқып жүрген кезі еді. Әрине, ондай хабарды естірту бізге де оңай болмады", — деді Гүлжахан апа.

Тағы оқыңыз:

Төрт қыздың мінезі төрт түрлі

"Олар түгілі бір отбасында дүниеге келген баланың мінездері бір-біріне ұқсамайды ғой" деген Гүлжахан апа өзге жанұяның мейіріміне бөленіп, тәрбие алған төрт қыздың бәрі де алғыр, ақылды болып өсті деп отыр. Әрқайсысына жеке тоқталған 72 жастағы әжей үлкені пысық әрі еңбекқор, екінші қыз өте мейірімді әрі кез келген адамға жаны ашып тұратынын, үшіншісінің мінезі тұйықтау болғанымен кез келген жерде шешім қабылдап, өте тиянақты болып өскенін алға тартты. Ал кенже қыз сәнқой, жан-жақты дейді Ысқақ атаның жұбайы.

"Қыздар өздерінің туған аналарын іздемейді ме?" деген сұрағымызға Гүлжахан апа былайша жауап берді.

"Бізге келіп, анам кім?" деп сұраған емес. Мүмкін іштей ойланатын шығар. Керек десеңіз, олардың анасы кім екенін біз де білмейміз. Бізге полицейлер алып келген, құжатын рәсімдеп тәрбиелеп өсірдік. Кейде кенжеміз "Мені өмірге сұлу етіп алып келген, осындай сұлулық сыйлаған биологиялық анама рахмет" деп жатады",-деді тастанды балаларды қамқорлығына алған әжей.

"Қазір баланы асырап алудың машақаты көп"

Қамқорлығына алған балаларды ешкімнен кем өсірмей, бүгінде үшеуін тұрмысқа беріп үлгерген Ысқақ Тұрғанбайұлы қазір тастанды баланы асырап алудың машақаты көп дейді.

Отыз жасында 8 бала туған түркістандық келіншек қандай арманы бар екенін айтты

"Біз балалар үйін ашқан кезде еліміз аяғынан әлі тұра алмай жатқан, қиын-қыстау заман болды. Мемлекет далада жатқан шарананы қайда апарарын білмеді. Біз сол кезде бұл үйді ресми аштық. Ал қазір баланы асырап алу үшін 21 құжат тапсыруың қажет. Тіпті баланың ата-анасы тастап кетсе де жүгіруге тура келеді", — деген қария құрсақ көтере алмай, бала асырап алайын десе, құжаттарын жинауда кедергілерге тап болып жүрген қаншама ананың барын айтты.

Жолдасының сөзін жалғаған Гүлжахан әжей кейінірек өзге де балаларды қанатына алмауының себебі бар болғанын жеткізді. Айтуынша, алдымен қамқорлыққа алған қыздарды аяқтан тұрғызып, білім алып, өмірде өз орнын табуына қолдау көрсетудің өзі оңай шаруа емес.

Сұхбат соңында шаңырақтың отанасы Гүлжахан Керімбайқызы жас қыздарға әжелік кеңесін де берді.

"Меніңше, қыздардың босаға аттамай, жүкті болып қалуына ер жігітттердің кінәсі басымдау. Кездесуге шақырады, кафеге апарады. Біраз жүріп, жүкті етіп қояды. Қыздардың біреуі келісіммен барса, енді бірі зорлықтың құрбаны болады. Болары болып қойған соң кімге айтарын білмей, балаларын көрінген жерге тастап кетеді. Үйіндегілерге айтуға қорқады. Алданып қалған қыздарға айтарым, лажы болса, баланы ананың өзі тәрбиелегені жөн. Іштен шыққан шарананы қалайша көшеге тастап кете саласың? Мейлі, тастап кетті делік, сен одан кейін қыз болып қалмайсың. Өзгелердің әңгімесінен қорықты делік, жұрт бәрібір естиді. Сондықтан іштен шыққан баланы әр ана өзі баққаны абзал", — деген әжей соңғы кезде елде жиі талқыланып жүрген "бэби бокс" мәселесін қос қолдап қолдайтынын айтты.

Гүлжахан әжей елде жиі талқыланып жүрген "бэби боксты" қолдайтынын айтты

"Өз басым ол бастаманы қолдаймын. Өйткені ондай қорап баланың өмірін сақтап қалуы мүмкін. Көшеге тастап кеткен бала шетінеп кетуі немесе ит сүйреп әкетуі мүмкін. Жаңа туған нәрестені шырылдатып әжетханаға тастайды. Обал емес пе? Меніңше, жаңа туған сәбилерге арналған мұндай қорапша қолға алынса, қаншама сәбидің өмірі сақталар еді",- деп сөзін түйді Гүлжахан әжей.

Айтпақшы, Жұмашевтар әулетіне осы бір қайырымды ісі үшін осыдан алты жыл бұрын "Алтын жүрек" номинациясы берілген.

Ысқақ ақсақал тастанды балаларды қамқорлығына алғанда бір жамауды жапсын деп қоян асырай бастапты. Оның терісін өткізіп, етін сатып келген. Қоян шаруашылығын қолға алған ақсақал енді осы кәсібін дөңгелеткісі келеді. Қазірге қоянның саны жүзге таяу. Оның терісінен балалар киімі мен ойыншықтар, тіпті әйелдердің тон ішігін тігетін фабрика ашуды көздеп отыр.Тек ғимарат мәселесі шешімін таппауда. 84 жастағы қария әкімшіліктен сатып алатын ғимарат сұрап жүргеніне тоғыз жыл өткенін айтты. Керек десеңіз, ауыл ішінен кеңес үкіметі кезінен бері бос тұрған ғимаратты сұрап та барған.

Жұмашевтар әулетіне жетім балаларға көрсеткен қамқорлығы үшін "Алтын жүрек" сыйлығы берілді

"Береміз дейді, бірақ бермейді. Себебін де айтпайды. Елбасымыз шағын және орта бизнеске қатты көңіл бөлу керек деп айтып жүр. Білмеймін, Президенттің сөзін көп адам тыңдамайды-ау. Егер бұл фабрика іске қосылса, қаншама адам жұмыспен қамтылатын еді. Өзімнің келінім де жұмыссыз үйде отыр", — деген Ысқақ Жұмашев бойында әлі күш-қуаттың барын, бүгін ғимарат табылса, ертең іске кірісіп кетуге дайынмын деп отыр.