Өңірлер

"Тапқыр шебер" атанған түркістандық қария ерекше ісімен жұртты таңғалдырып жүр - фото

© Sputnik / Жансая ТәуекелқызыТүркістан облысының Төрткүл ауылының тұрғыны Жақсылық Отаубеков
Түркістан облысының Төрткүл ауылының тұрғыны Жақсылық Отаубеков - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Трактор құрастырумен әуестенетін түркістандық қария енді пойыз жасап шығаруды армандайды

ТҮРКІСТАН, 8 қыркүйек — Sputnik, Жансая Тәуекелқызы. Бір зейнетақыға қарап қол қусырып отырмай, қоғамға пайдамды тигізсем деп еңбектеніп жүрген қария Түркістан облысы, Ордабасы ауданына қарасты Төрткүл ауылында тұрады. Бүгінгі таңға дейін бес шағын тракторды құрастырған ол алдағы арманы мен тап болған кедергілері туралы тілшісімен бөлісті.

Күші он бес жылқының қуатына тең

Қажетсіз темір-терсекті жинап, одан техника құрастыру қиялы мен талабы бар адамның ғана қолынан келеді. 70 жастағы түркістандық қария Жақсылық Отаубеков солардың бірі.

Жедел жәрдем, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан
Өңірлер
Түркістандық келіншек 3 баласын көлікке қамап, айдалаға тастап кетті
 Еңбек жолын совхоздағы электр монтаждаушы боп бастаған трактор құрастырушы ұзақ жылдар бойы энергетика саласында еңбек еткен. 2011 жылы зейнеткерлікке шыққан ол үйде тек жатпай, темір-терсекті құрастырып, пайдалы дүние шығаруды ойлайды. Нәпақасын егістіктен тауып отырған қария трактор құрастыруға мәжбүрліктен бардым деп отыр. 

Өзі қызмет еткен мекеменің шеберханасында алғаш техниканы құрастырып шығады. Барлық темір-терсекті мұқият зерттеп, тәуекелге барған зейнеткер тұңғыш техниканы құрастыруда ешбір кедергілер болмағанын айтты.

"1994 жылы бізге Германиядан таналар әкелінді. Оны күтіп-баптау — біздің совхоздың жұмысы. Сонда қораға үлкен трактордың кіруі мүмкін болмады да, өзім шағын техниканы жасап шығаруды ойладым. Еш қиындық болмады. Мен әбден ойланып, көзімді жеткізіп барып қадам жасайтын адаммын. Сол тракторды күні кешеге дейін пайдаланып келдім. Күші алты жылқының қуатымен тең. Жанар-жағармайды аз жейді. Совхоз тараған соң шеберхана менің үлесіме тиді. Қазіргі таңда сондамын. Бүгінгі күнге дейін бас-аяғы бес тракторды құрастырып шықтым. Мен құрастырғандай трактор еш жерде жоқ", — деген Жақсылық Отаубеков алғаш туындысы пайдалануға жарай бастаған кезден-ақ елдің қызығушылығын тудырғанын айтты.

Кейінірек өзінің туысына техника жасап береді, араға уақыт салып көршісі тапсырыс береді. Бүкіл қажеттіліктерін жеткізіп берген оларға зейнеткер техниканы екі-үш айда құрастырып бердім деп отыр. Одан өзге Бәйдібек ауданындағы арнайы колледж студенттері тарапынан қызығушылықтың туындағанын да айтты. Олар зейнеткердің үйіне келіп, техниканы құрастыру жолдарын үйреніпті. Бір техниканы колледжге берген қария биыл жылдың басында тағы бір тракторды өз қажеттілігіне құрастырып шыққан.

© Sputnik / Жансая ТәуекелқызыШебердің айтуынша, трактордың күші он бес жылқының қуатына тең
Шебердің айтуынша, трактордың күші он бес жылқының қуатына тең - Sputnik Қазақстан
Шебердің айтуынша, трактордың күші он бес жылқының қуатына тең

"Алдында құрастырған техникалардың қуаты мен жылдамдығы төмендеу еді. Былтыр ойланып, жаңа түрін жасағым келді. Қажетті темір-терсектің бәрін жинап, қыста жасап шығардым. Оның күші он бес жылқының қуатымен тең. Жылдамдығы да жақсы. Егістік алқабына сонымен барып, жұмыстарымды бітіріп жүрмін", — деді шебер.

"Темір-терсек азайып барады" 

Жақсылық Отаубековтың айтуынша, бақша басына пайдалануға жарайтын шағын тракторды құрастыруға 180-200 мың теңге шығын кетеді екен. Қазіргі таңда оған қажетті темірлерді табу аздап қиындық туғызып отыр. Себебі бүгінде ауылдан темір терсек табу мұң. "Адам шын ниеттенсе, тау қопаруға да болады" деген ол трактордың қаңқаларын құрылғының көмегімен өзім жасаймын дейді. Ол үшін темірдің арнайы түрі бар.

Нарықта мұндай шағын тракторды табу мүмкін емес деген қария алғаш құрастырған техникасын артындағы тіркемесімен 500 мың теңгеге сатыпты.

Зейнеткердің арманы… 

Темір шебері тек техника құрастырып қана қоймай, өзге де жабдықтарды қолдан жасаймын деп отыр. Мәселен, егістікке қандай да бір жабдық керек болса, қария еш ойланбастан тәуекелге барады.

Ауыл ішінде шебердің еңбегі жоғары бағаға ие. Осыдан бірнеше жыл бұрын 1979 жылы ауыл мектебін бітірген түлектер өздері туып-өскен жерге тарту ретінде саябақ салып беріпті. Ойын алаңшасы мен спорттық жаттығу жасауға арналған жабдықтарының барлығы Жақсылық шебердің қолынан шыққан.

© Sputnik / Жансая ТәуекелқызыЖақсылық Отаубеков шеберханасында жұмыс істеп жатыр
Жақсылық Отаубеков шеберханасында жұмыс істеп жатыр - Sputnik Қазақстан
Жақсылық Отаубеков шеберханасында жұмыс істеп жатыр

"Түлектеріміз тапсырыс берді. Ауылға қажетті дүние болған соң еш ойланбастан келістім. Бүгінде ауыл халқы оның рахатын көріп отыр. Бұрындары тұрғындар қайда барарын білмей, көше аралап жүретін. Қазір саябақ нағыз демалыс орнына айналды", — деген Жақсылық Отаубеков бірнеше арманы барын да жасырмады.

"Осыдан біраз жыл бұрын сол кездегі аудан әкімі үйге келіп, менің ісіммен танысқан болатын. Ол кісіге жоспарымды айттым. Ауылдағы мәдениет үйі мен мешіттің арасы 600 метрдей жерді құрайды. Сол аралыққа балалар темір жолын салып, пойыз жасағым келетінін айттым. Айта берсем, мұндай жоспарлар көп болды. Бірақ, барлығы тек қаржыға кеп тірелді. Нәпақамды егістіктен тауып отырған менде артық қаржы қайдан болсын. Жоспарым аудан басшылығына айтылғанымен, демеп әкетер ешкім болмады. Яғни, шығынды жабатын демеуші табылмады", — деп қынжылды шебер.

"Тағы бір арманым ардагерлер аллеясы" деп сөзін жалғаған қария неліктен мұндай ойға келгенін былайша түсіндірді:

"Қазіргі ұрпақ ата-бабаларының қандай адам болғанын, ауылға нендей еңбегі сіңгенін біле бермейді. Міне, сол жас ұрпаққа ауылдан шыққан азаматтарды таныту мақсатында ардагерлер аллеясы ашылса деген ниетім бар. Онда сол азаматтардың суретін және еңбектерін жазып, кейінгілерге үлгі етсек деген арман менікі".

"Биыл шаруалар су тапшылығын қатты сезінді"

Техника деген жақсы ғой, кез келген жұмысыңды тындыра саласың. Мәселен, мен алқаптан бір арба қарбыз әкелгім келді. Тракторыма отырамын да жолға шығамын. Кейде шөп тасу керек болады. Ауыл адамдары оны тасу үшін трактор жалдап, үш мың теңге төлейді", — деген шебер өзі құрастырған техниканың құжатын реттеуде кедергілер бар екенін жеткізді. Айтуынша, құжат беретіндер қолдан құрастырылған техниканың құжатын реттеу мүмкін емес дегенді алға тартқан. Бірақ, оның себебін таба алмаған қария бұл мәселенің де шешілетін күні алыс емес дегенде сенімде. 

"Қазір өзім пайдаланып отырған тракторым майды аз жейді. Үйім мен егістік алқабымның арасы бес шақырымдық жер. Аптасына бір рет 2000 теңгеге жанар-жағар май құямын, апта бойы сол жетеді. Менде өзімнің техникам бар, қажетті жем-шөбім мен суымды тасып амалдаймын. Бірақ, алқапты тасып суғару мүмкін емес. Биыл біздің шаруалар су тапшылығын қатты сезінді", — деп күрсінген ол өзі секілді табысын егіннен тауып отырған жерлестері сусыз қалып, еңбегі зая кеткенін айтты.

© Sputnik / Жансая Тәуекелқызы70 жастағы қария алғашқы тракторды 1994 жылы құрастырып шығарған
70 жастағы қария алғашқы тракторды 1994 жылы құрастырып шығарған - Sputnik Қазақстан
70 жастағы қария алғашқы тракторды 1994 жылы құрастырып шығарған

"Көбі егіннің басынан құдық қаздырып, қондырғылар орнатып жатыр. Оған кететін майды есептеңіз. Бәрі қып-қызыл шығын. Шаруалар қиналуда", — деп сөзін жалғады түркістандық тұрғын.

"Шәкірт тәрбиелеуге қарсы емеспін"

Өзінің жұмысын мақтанышпен таныстырған қария бар білгенін ізін қуған өзі секілді мамандарға үйретіп, шәкірт тәрбиелеуді көздеп отырғанын айтты.

"Үйренгіміз келеді деп қолқа салатындар болса, еш қарсы емесмін. Тіпті оқытушылық жұмысқа шақырса да баруға дайынмын. Өйткені білгенімді үйретіп кету — менің парызым. Келіп, кеңесіп тұратындар жоқ емес. Жасым қазір 70-те. Бұрындары көптеген жоспар болды. Жаңа айтып өткенімдей бәрі қаржыға кеп тіреледі. Жасап шығару проблема емес, тек қажеттіліктерді табу қиын. Жас келген соң оны жүзеге асырудың мүмкіндігі де болмайды екен", — деген ол ауыл арасында трактормен қызмет көрсетіп, пайда табу туралы тіптен ойланбайды. Егер де көршілері көмек сұрап жатса, ұлы тракторға отырып, өтінішін орындайды. Диқандар еккен өнімін дәрілеуде, жерін тырмалауда, жүйек салуда Жақсылық Отаубеков құрастырған техниканың көмегіне жүгінеді.

Ауыл ішінде "тапқыр шебер" атанып кеткен Жақсылық Отаубековтың жұбайы Райхан апа жолдасының бұл ісімен мақтанатынын жеткізді.

© Sputnik / Жансая ТәуекелқызыЖақсылық қария немерелерімен
Жақсылық қария немерелерімен - Sputnik Қазақстан
Жақсылық қария немерелерімен
"Күйеуім бірінше рет трактор құрастырғанда бірінші болып маған келіп айтты. Рас, алғашында сенбедім. Кейін оны керегіне жарата бастағанда қажетті дүние екенін түсіндім. Шынымды айтсам, онымен мақтанамын. Мұндай техника құрастыру екінің бірінің қолына келе бермейді. Тек қынжылтаныны, қазіргі жастар бұған қызықпайды. Меніңше олар алдыңғы буынның тәжірибесін үйреніп, меңгеріп алғаны дұрыс деп ойлаймын", — деп сөзін түйді шебердің жұбайы Райхан Балқыш.

Жаңалықтар
0