АСТАНА, 5 қыркүйек – Sputnik. Ақтөбеде қатарласын пышақтап өлтірген "Алтын белгі" иегеріне қатысты сот өтіп жатыр. Мектепті үздік бітірген түлекке қасақана адам өлтірді деген айып тағылды. Бозбалалар арасындағы жанжалға би кешіндегі түсініспеушілік себеп болған.
Сотталушының жасы не бары 17-де. Бірақ тағылған айып ауыр. Сот басталғалы басын көтермеген ол арасында жылап та алады. Халықаралық білім додаларынан топ жарып, биыл ғана "Алтын белгі" иегері атанған оның қылмысқа барғанына жақындары тұрмақ, өзінің де сенгісі келмейді. Оқиғаның басы мектеп бітіру кешінде басталған. Билеп жүріп қатарласы Азат Дүсіповтың аяғын басып кетеді. Бұған ашуланған бозбала оның соңынан қалмай, әлеуметтік желі арқылы маза бермейді. Кейін көшеде кездесіп, төбелеседі. Сол кезде пышақ сілтеуіме тура келді дейді сотталушы.
"Пышақты жерден алған кезде Азатты қорқытқым келді. Ол мүмкін төбелесті тоқтатар деп ойладым. Бірақ ол керісінше маған шабуылдады", — дейді ол.
17 жастағы бозбала жүрегіне тиген пышақ жарақатынан көз жұмады. Айыпталушының оны қасақана өлтірмедім деп ақталғанына қарамастан, қара жамылған ата-анасының кешірім бергісі жоқ, деп хабарлады КТК.
"Бөтен адамды қасақана қазаға ұшырату мақсатында, Дүсіповтің кәмелетке толмағанын біле тұра, спорттық күртешесінде өзімен бірге алып жүрген жиналмалы пышақты алып шығып, сот-медициналық сараптама қортындысына сәйкес, денсаулығына ауыр зиян келтірген", — деді мемлекеттік айыптаушы Азамат Байболатов.
Бұған дейін сотталушыға қылмыстың ауырлығына байланысты істің төрелігін қазылар алқасының қарауына жіберуді ұсынған еді. Бірақ ол одан бас тартты. Енді оның құқығын ата-анасы мен қос адвокат қорғауда. Ал куәгерлікке тартылатындардың дені биыл ғана мектеп бітірген түлектер.