Дерекқор

Нұржан Төлендиев (Тука) туралы не білеміз?

Белгілі актер, "Алдараспан" әзіл-сықақ театрының директоры Нұржан Төлендиевтің өмірбаянын Sputnik дерекқорынан оқыңыз
Sputnik

Нұржан Төлендиев – актер, "Алдараспан" әзіл-сықақ театрының директоры. 1978 жылы Түркістан облысында дүниеге келген. 25 жасында Түркістандағы және Сайрамдағы "Мәдениет үйін" басқарған. 2017 жылы Түркістан қаласының Құрметті азаматы атанды.

Нұржан қалай "Тука" атанды? 

Нұржан Төлендиев халыққа "Шаншардағы" қайталанбас образдары арқылы танылды. Ол бұл театрда жүргенде қазақтың сатира өнеріне жаңа леп, сілкініс әкелді. Әртістің шынайы таланты, табиғи дарыны да осы "Шаншарда" ашылды. Ерекше қабілеті мен еңбекқорлығының арқасында аз уақытта өзін мойындата білді. Талантты актер көпшіліктің көңілін жаулап алғаны соншалық, жұрт оны сомдаған кейіпкерлерінің атауымен – "Тука", "Қошан" деп атап кетті.  

Нұржан Төлендиев туралы гу-гу әңгіме

Әміре "Славян базарынан" неге қымбат костюмінсіз оралды?

Мола аралап, өлгендерден тілек тілеп жүрген жандардың исламға қайшы әрекетін сынға алған әйгілі "Тәуіп" қойылымынан кейін Нұржан туралы лақап сөздер көбейіп кетті. "Ақтырналар" тоғыз жерінен пышақтап кетіпті. Бет-аузы бұзылып, сахнаға шыға алмай қалыпты" деген сияқты әңгімелер желдей есті. Жұрт қайта-қайта маза бермеген соң "Қазақстан-Шымкент" телеарнасына шығып, өзінің аман-есен екенін дәлелдеуге мәжбүр болды. Ол аздай, кейінірек "Нұржан сотталып кетіпті, қарызын құтыла алмаған соң өз-өзіне қол салыпты, ішкілікке салынып кетіпті" деген сынды жел сөздер оттай лаулады. "Жаралы сезім" фильміндегі Арайдың рөлін ойнаған қарындасындай қызбен қосып қойғандар да табылды. Дегенмен бұдан Нұржанның салы суға кеткен жоқ, өмірдегі мұндай ұсақ-түйек кедергілерді бұзып өтіп, өз жолын тауып алуына жігері де, парасаты да жететін еді.

Нұржан Төлендиевтің отбасы

Нұржан Төлендиевтің ажырасып кеткені туралы жиі айтылады. Алайда мұның барлығы жалған ақпарат, актердің айрандай ұйыған отбасы бар. Жұбайы да актер мамандығын таңдаған. Өнерлі жұп 6 бала тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлы Рауан ер жетіп, сахнадан әкесімен бірге көрініп жүр, ол әнші болуды мақсат тұтқан екен. Белгілі актердің аяулы анасы 2015 жылы алпыстан асқан шағында дүниеден озды.

Нұржан "Шаншардан" неге кетті?

Димаш Құдайберген Ресейдің танымал әншісін қалай гүлсіз қалдырды?

Нұржанның "Шаншар" әзіл-сықақ театрынан бөлініп кетуі де біраз дау тудырды. Нұржан, Жұлдыз секілді белді әртістердің бөлек отау құруы театр директоры Уәлибек Әбдірайымовқа ұнай қойған жоқ. Осыдан кейін арада түсінбеушілік туындап, бір-бірін өкпелетіп алды. Кейіннен Нұржан бастаған бір топ әртіс "Алдараспан" театрын құрды. Жаңа театр құрудағы негізгі себеп – қаражат мәселесі болды. Әртістер өздері жұмыс істеп, тұрмысын түзеп алуға шешім қабылдаған. Мұның бәрін Нұржанмен "бір қазанға басы сыймай қалған" Жұлдызай айтып салған болатын. Тіпті театрдағы ағаларын ренжітіп кеткеніне бармақ тістеп қалғанын да жасырмай айтты.

Арада бірнеше жыл өткен соң бір-біріне өкпелеп, хабар-ошарсыз кеткен аға мен іні татуласқанын хабарлады. Екі өнер ордасы "Алдараспан "Шаншарды" шақырады" деген концертпен халық алдына бірге шықты.