АСТАНА, 19 шілде – Sputnik. Беларусьте өткен "Славян базары" халықаралық өнер байқауында 1-орын алған Әміренің (шын аты – Ернар Садырбаев) продюсері Жан Мұқанов әншінің сәнді костюмі Польшаның жігітіне сыйға тартылғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Продюсердің айтуынша, байқаудың жабылу салтанатында Әміренің үстінде қолдан тігілген қымбат костюм болған. Отандасымыздың сәнді киіміне бәрі қызығып, тіпті суретке де түсіпті.
"Әділ қазылар алқасының құрамында Польшадан келген жігіт отырды, 2000 жылдары бас жүлде иеленген екен. Еуропада өте танымал әртіс, бірақ біз оны алғаш рет көрдік. Оған біздің костюм қатты ұнап қалып, "маған сатыңыздаршы" деп қоймай қойды. Байқаудың соңғы күні келеңсіз жайт болды. Қазақстандық қызметкерлердің бірі әлгі жігітпен сөзге келіп қалды. Мен Әміреге айттым, біз ана жігітті ренжітіп алған сияқтымыз деп. Ол маған "онда костюмді сыйлайық" деді. Костюмнің қанша тұратынын білемін ғой, қимадым. Бірақ ақыр соңында костюмді әлгі жігітке сыйға тарттық. Ол қуаныштан жылап жібере жаздады. Сөйтіп костюм Польшаға кетті", — деді Мұқанов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Ернар Садырбаев өзін Димашпен салыстыратындар туралы не айтты
Оның айтуынша, әншінің сәнді костюмін Қазақстанда танымал емес отандық дизайнерлер тіккен.
"Костюм 1,5 миллион теңге тұрады. Қолдан тігілген, ұсақ жұмыстары көп болды, шамамен бір жарым-екі ай тігілді. Елімізде танымал емес қазақстандық дизайнер тікті", — деді ол баспасөз мәслихатынан кейін.