Экономика

Ұлттық банк теңге бағамы неліктен ауытқып жатқанын түсіндірді

Қаржы реттеуші ұлттық валютаның құлдырауына қандай негізгі факторлар әсер еткенін хабарлады
Sputnik

АСТАНА, 3 тамыз — Sputnik. Ұлттық валютаның АҚШ долларына шаққандағы бағамының тағы да төмендеуіне Қазақстанның Ұлттық банкі түсініктеме берді.  

Теңге бағамына не ықпал етеді?

2015 жылдың тамызында Қазақстан валюта бағамын еркін айналымға жіберді. Мұндай саясат экономикада теңгерімсіздіктердің жинақталуын болдырмауға мүмкіндік береді, отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ экономиканы долларсыздандыруға ықпал етеді. 

Президент Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Теңге бағамының ұзақ мерзімді үрдісіне іргелі факторлар әсер етеді, оларға негізінен мұнай бағасы, негізгі сауда әріптес елдері валюталарының бағамдары, сондай-ақ төлем балансының жай-күйі, инфляция деңгейі, Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі, әлемдік пайыздық мөлшерлемелер жатады. 

"Соңғы уақытта Федералды резерв жүйесі (ФРЖ) монетарлық саясатының қатаңдауы аясында портфельдік инвестициялардың әкетілуіне байланысты көптеген дамушы нарықтың ұлттық валютасының әлсірегені байқалады, оның ішінде Қазақстан да бар. Сонымен бірге бағалардың нарықтық конъюнктурасы және экономика өсуінің оң қарқындары теңгеге қолдау көрсетті және қалған факторлардың әлсіреуші әсерін жұмсартты, бұл теңге бағамының АҚШ долларына қатысты салыстырмалы түрде алғанда шамалы әлсіреуінде көрінді", — деп жазылған хабарламада.

Қазақстанның валюта нарығына инвесторлар қалай әсер етеді?  

 Шетелдік инвесторлардың портфельдік инвестициялары Қазақстанның валюта нарығына әсер ету факторы ретінде жеке ескеруді талап етеді. 

Қазіргі уақытта ҚР бағалы қағаздар нарығында Ұлттық банктің ноттарын ұстаушы бейрезиденттер көлемінің және айырбастау бағамының кері тәуелділігі байқалады.

Доллар бағамы 350 теңгеге жақындады

"Наурызда байқалған ұстаушы бейрезиденттердің ең көп көлемі — 453,9 миллиард теңге (баламасы 1,43 миллиард АҚШ доллары) 2018 жылы ұлттық валютаның нығаю шыңына (наурыздың соңындағы жағдай бойынша 1 АҚШ доллары үшін 318,31 теңге) сәйкес келеді. Мамырдан бастап ұстаушы бейрезиденттердің үлесі дамушы нарықтардан портфельдік инвестициялар ағынының жалпы үрдісі және ФРЖ монетарлық саясатын қатаңдату бойынша кейінгі болжамдар аясында төмендей бастады", — деп түсіндірді қаржы реттеушінің мамандары. 

2018 жылғы 30 шілдедегі жағдай бойынша ұстаушы бейрезиденттердің көлемі 158,5 миллиард теңге (баламасы 0,45 миллиард АҚШ доллары) болды, соңғы 4 айда бейрезиденттер 900 миллион АҚШ долларына жуық сомаға бағалы қағаздар нарығынан шықты (шығу сәтіндегі теңге бағамының мәндерін ескере отырып), бұл валюта нарығына әсер етпей қойған жоқ.  

"Резиденттердің экспорттық кірістерінің өсуімен байланысты сауда балансындағы едәуір оң жағдайға қарамастан, Қазақстанның төлем балансының ағымдағы шоты шетелдік инвесторлардың кірістерді шығаруынан теріс болып қалуда. 2017 жылы бейрезиденттерге кірістер төлемдері 19 миллиард АҚШ долларына жуық болды", — деп атап өтті Ұлттық банк. 

АҚШ-тың монетарлық саясаты неліктен теңгеге ықпал етеді? 

АҚШ монетарлық саясатына келетін болсақ, ФРЖ сәрсенбідегі отырысында негізгі пайыздық мөлшерлемелерді өзгеріссіз қалдырды.

Теңгенің әлсіреуі. Ұлттық банк басшысы қазақстандықтарға кеңес берді

Ашық нарықтар жөніндегі комитет ілеспе түсініктемелерінде экономикалық белсенділіктің үдемелі өсу қарқындары, жұмыссыздықтың төмен деңгейде сақталуы және үй шаруашылықтары мен бизнестің негізгі капиталға үдемелі шығыстары (инвестициялар) туралы белгі берді. 

ФРЖ экономика мен инфляцияның қалыпты өсу қарқындарын сақтау үшін өзінің индикативтік мөлшерлемесін одан әрі біртіндеп арттыруды қайталап көрсетті, сол арқылы осы жылғы үшінші рет қыркүйектегі қатаңдатуға негіз дайындады. 

"Нарық болжамдарына сәйкес, қыркүйекте мөлшерлеменің өсу ықтималдылығы 92%, ал осы жылдың желтоқсанында қайтадан өсу ықтималдылығы 73% болды. ФРЖ мөлшерлемелерінің өсуі аясында көптеген инвестор барынша тәуекелді активтерден, атап айтқанда, дамушы нарықтардан басымдықтарын АҚШ қазынашылық облигацияларына өзгертуде", — деп түсіндірді ұлттық банк. 

Қазақстанның әлемдік қаржы нарығымен ықпалдастығы біздің жергілікті нарықтағы жағдайға ауқымды үрдістердің әсерін болжайды.

Айта кетейік, доллар бағамы 350 теңгеге жақындады.