АСТАНА, 10 шілде – Sputnik. Соңғы кезде қоғамда педофилия дерті дендеп барады. "Педофил" сөзін естіген жұрттың төбе шашы тік тұрып, жаны түршігетін жағдайға жетті. Әлем елдері "ақырзаман ауруымен" шама-шарқынша күресіп, "сәбиқұмарларға" тосқауыл қоюда. Осы тұста Sputnik Қазақстан тілшісі шет мемлекеттерде педофилдермен күрес қалай жүргізілетінін зерделеп, жаза түрлеріне шолу жасағанды жөн көрді.
Химиялық жолмен піштіру
Қазақстанда осы жылдың 1 қаңтарынан бастап педофилдерді химиялық жолмен піштіру туралы заң күшіне енгені белгілі. Арада алты ай өткенмен, әзірге елімізде бірде-бір педофилге қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы қолданылмаған.
Химиялық кастрация біздің елден бөлек, Франция мен Ұлыбританияда, Бельгия, Данияда қарастырылған.
Францияда химиялық жолмен піштіру әдісі 2005 жылдан бері қолданылады. Шешімді судья мен емдеуші дәрігер арасында делдал функциясын атқаратын психиатр-үйлестіруші қабылдайды. Педофилдерге таңдау беріледі – химиялық кастрацияға келісу немесе психиатриялық аурухана қабырғасында мәңгіге қалу.
Ұлыбританияда 2008 жылдан бері жазасын өтеп шыққан педофилдерге қатысты ерікті түрде химиялық кастрация жасау көзделген. Бельгия мен Данияда да сот шешімімен мәжбүрлі химиялық кастрация жасалады. Ал Польшада 2009 жылдан бері фармакологиялық кастрация қолданылады. Оның қажеттігі туралы шешімді сот қабылдайды. Педофилдің құрбаны 15 жастан кіші бала немесе туысқаны болған кезде, бұл процедура міндетті. Ал Чехияда 1978 жылдан бері ерікті түрде хирургиялық кастрация жасалады.
Шымкентте 16 жастағы жасөспірім өзіне көмектескен баланы зорлаған
АҚШ та педофилдердің басынан сипамайды
Америкада 1990 жылдары күшіне енген мәжбүрлі кастрация туралы заң қолданыста. Оған сәйкес, егер сотталған адам жазасын өтеп шыққаннан кейін, қайтадан жыныстық сипаттағы қылмыс жасаса, онда судья химиялық жолмен піштіру жазасын белгілейді. Бірақ сот қылмыскерге хирургиялық кастрация жазасын тағайындай алмайды, алайда қылмыскер өз еркімен келісуі мүмкін.
1990 жылдардың соңында американдықтардың тәжірибесін Канада, Ұлыбритания, Франция және Еуропаның бірқатар елі қолдана бастады. Бірақ бұл жерде АҚШ-қа тән қосымша және өте маңызды практика бар еді. 1996 жылдан бастап Американың барлық штаты бірінен кейін бірі "Меган заңын" қабылдады. Аталған заң 7 жасар Меган Канканың атымен аталған. Оны 33 жастағы көршісі Джесси Тиммендекас зорлап, өлтірген болатын. Бұл оқиғада өте маңызды ескеретін жәйт бар: Американы дүр сілкінткен оқиғаға дейін Тиммендекас кәмелетке толмаған екі қызды зорлағаны үшін түрмеде отырып шыққан, тіпті арнайы ем процедурасынан да өткен.
Осы атышулы оқиғадан кейін "химия" жыныстық құмарлықтың жойылатынына кепілдік бермейтіні анықталды. Әсіресе, егер педофил еркектік қабілетін қалпына келтіру үшін ерлер гормоны бар дәрілік заттар ішсе. Сондықтан балаларды осындай азғындардан қорғау үшін бұрын жыныстық сипаттағы қылмысы үшін жауапқа тартылғандар тұрғылықты мекенжайы мен жұмыс орнының өзгергені туралы полицияға хабар беруге міндеттелді.
Бұған қоса, мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған қылмыскерлерге қатысты бірқатар шектеу бар. Мәселен, оларға кәмелетке толмағандардың жанында жүруге, мектептер мен балабақшалардың, балалар алаңының, мектеп автобустары аялдамасының жанында тұруға, жалпы балалар жүретін орындарға жақындауға тыйым салынады.
Оның үстіне, кез келген америкалық арнайы сайттар арқылы "қауіпті адамдардың" өмірбаянымен таныса алады. Онда педофилдердің суреті де жарияланған.
Педофилдер жергілікті құқық қорғау органдарына үнемі келіп, жұмысы туралы ақпарат беріп, мекенжайын көрсетеді. Полицейлер оларды суретке түсіріп, саусақ ізін алады, кей кезде ДНҚ үлгілерін жинайды.
Америкада қолданылатын тағы бір әдіс – электронды білезік пен электронды мониторинг.
Алғаш рет бұл идея 1979 жылы Нью-Мексико штатында жүзеге асты. Бірнеше жылдан кейін бес штатта билік жазасын өтеп шыққан жүздеген педофилді электронды білезік киюге міндеттеді. Егер педофил мектеп маңын айналшықтап жүріп алса, бірден полицейлер келеді.
Қашықтан бақылаудың тағы бір түрі – электронды мониторингпен үй қамаққа алу. Қазіргі таңда ол федералды деңгейде және барлық штатта дерлік қолданылады. Күн сайын АҚШ-та 14 мыңдай педофил электронды бақылауда. Әдетте олар жұмысқа, дүкенге, емханаға немесе тағы баса орындарға бара алады, бірақ үйіне белгіленген уақытта қайтып оралуы тиіс.
Сонымен қатар, жақында Америка балаларды зорлағаны үшін түрмеде отырып шыққан азаматтардың төлқұжатына арнайы белгі қоя бастады.
Төлқұжаттың артқы жағында: "құжат иесі балаға қарсы жыныстық сипаттағы қылмысы үшін сотталған және АҚШ заңына сәйкес есепте тұр" деп жазылады.
Осылайша, егер бұрынғы сотталушы шетелге шықса, оның қылмысы туралы сол елдің құзырлы органдары да хабардар болады.
Өлім жазасы
Кейбір елдерде педофилдерге өте ауыр жаза беріледі. Мәселен, Қытайда педофилдің баланы зорланғаны дәлелденсе, бірден өлім жазасына кеседі. Сондай-ақ сот шешімімен физикалық кастрация жазасы да белгіленуі мүмкін.
Иранда дарға асу немесе ату жазасы арқылы жұрт алдында өлім жазасына кесіледі.
Солтүстік Кореяда педофилді өз құрбаны өлтіреді: кінәліге ату жазасы белгіленеді, ал зорланған бала сол ату командасының құрамында болады.
Ал Мысырда сотталғандарды жұрт алдында дарға асады.
Үндістан үкіметі де биыл 12 жасқа дейінгі қыздарды зорлаған педофилдер үшін өлім жазасын енгізді.
Сонымен қатар, педофилдерге өлім жазасы Сауд Арабияда, Латын Америка, Оңтүстік Корея, Ирак пен Африка елдерінде қарастырылған.
Африканың кейбір елдерінде педофилдерді тіпті тірідей жағып жібереді.
Материалдар ашық дереккөздерден алынған