АСТАНА, 25 маусым – Sputnik. Астана маңындағы Пригородный кентінде суға батып кеткен төрт баланың денесі табылды. Бұл туралы ҚР ІІМ ТЖК ресми өкілі Руслан Иманқұлов мәлімдеді.
24 маусым күні Пригородный кентінде, Нұра-Есіл каналы маңында үш бала жоғалып кетті деген ақпарат түскен. Оқиға орнына дереу Орталық өңірлік аэромобильді жедел құтқару жасағының қызметкерлері аттанды.
Иманқұлов мәлімдегендей, алғашында үш бала туралы ақпарат түскен, кейін іздеу барысында тағы бір бүлдіршіннің суға кеткені анықталды.
"Іздеу жұмыстары бүгін аяқталды. Таңғы сағат 05:17-де Нұра-Есіл каналынан 2007, 2006, 2007 және 2009 жылғы балалардың денесі табылып, судан шығарылды. Балалар рұқсат етілмеген жерде шомылып жүріп, суға кеткен", — делінген хабарламада.
ТЖ комитеті ата-аналарға жаз мезгілінде балаларға абай болуды, қараусыз қалдырмауды тағы бір мәрте ескертеді.