"Ондай сәтте ештеңе ойламайсың". Үш мәрте ерлік жасаған жас полицей нені армандайды?

Бүгін Қазақстан полициясының құрылғанына – 26 жыл
Sputnik

АСТАНА, 23 маусым – Sputnik. Нұргүл Абай. Бүгін – Отан үшін отқа да, суға да түсуге даяр, ел қауіпсіздігі мен тыныштығы үшін өмірін қатерге тігіп жүрген батыл жандардың төл мерекесі. Sputnik Қазақстан тілшісі мерекеге орай бірнеше адамды ажалдан құтқарған жас полицей Азамат Балтабаевпен әңгімелескен еді.

"Елімді қорғағаным – ата-анамды қорғағаным"

27 жастағы Азамат Балтабаев құқық қорғау органдарында 2013 жылдан бері қызмет етеді. Ал қазір – Астанада жергілікті полиция қызметі жол-патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы. 

Оңтүстіктегі Сарыағаш қаласында дүние есігін ашқан ол полиция қатарында қызмет етуді бала кезден армандапты. 

"Әкем – жүргізуші, анам дәрі шығаратын зауытта жұмыс істейді. Үй ішінде құқық қорғау органдарында қызмет атқарған ешкім болған жоқ. Десе де, менің осы абыройлы қызметті таңдауымда анамның үлесі болған шығар деп ойлаймын. Бала кезде менің қызыққан дүниеме ол кісі де назар аударып, әрқашан демеу болып жүрді", — дейді Азамат.

Азамат Балтабаев – жергілікті полиция қызметі жол-патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы
Орта мектепте оқып жүргенде, ата-анасы бала Азаматтың әскери салаға қызығушылығын байқап, Қарағандыдағы Талғат Бигелдинов атындағы әскери мектеп-интернатқа оқуға берген. Ол кезде Азамат небары он төрт жаста. Кейін әскерге аттанып, Отан алдындағы борышын өтейді. Осылай жалғасып, полицияға жұмысқа тұрады.
Қарағандыда екі полицей өртеніп жатқан автобустан 51 адамды құтқарып қалды

"Осы салаға қатты қызыққаннан кейін бе, қолды бір сілтеп, тастап кету деген ой ешқашан болған емес. Әрине, оңай емес, кейде түрлі қауіп-қатермен бетпе-бет келесің. Десе де полиция қатарында қызмет еткеніме қуанамын. Елімді, жерімді қорғағаным – ата-анамды, отбасымды қорғағаным деп білемін", — дейді ол.

Қазір Азамат – бір ұл мен бір қыздың әкесі. Қызы бірінші сыныпқа, атұстары балабақшаға барады екен. Болашақта көп балалы әке атануды армандайды екен. 

"Көп балалы болу – әр қазақтың арманы ғой. Әр бала өз несібесімен келеді. Бала – ол бақыт", — дейді аға-лейтенант. 

Бір емес, үш мәрте ерлік жасаған 

Полиция қызметі үнемі қырағылық пен сақтықты, батылдық пен жылдамдықты қажет етеді. Азаматты осы талап үдесінен шыға білген сақшылардың қатарынан деп нық сеніммен айта аламыз. Құқық қорғау органдарында қызмет етіп жүргеніне небәрі бес жыл болса да, үш мәрте ерлік жасаған.

Петропавлда өз-өзіне қол салмақ болған ер адамды полиция құтқарды

Алғаш рет көпірден секіріп, өзіне қол жұмсамақ болған өзі қатарлас жігітті ажал аузынан аман алып қалады. Оқиға былтыр жазда болған. 

"Таңертең жұмысқа кетіп бара жатсам, жедел басқару орталығынан хабарлама түсті. Қабанбай батыр көшесінде, "Рамстор" көпірінде ер адам суға секіргелі жатыр екен. Әріптесім екеуміз екі-үш минуттың ішінде жетіп бардық. Бас кезінде бақылап, сөзге тарттық, ондағы мақсатымыз – секірем деген ойынан айныту болатын. Алайда әрекетімізден түк шықпады. Телефонмен сөйлесіп тұрған еді, бір кезде телефонды төменге лақтырып, "прощайте" деді, суға құлады. Мен еш ойланбастан соңынан секірдім. Менің артымнан Франция елшілігінің қауіпсіздік қызметінде істейтін полицей де суға күмп берді. Екеулеп жаңағы жігітті аман-есен шығарып алдық", — деп еске алды сол күнді Азамат. 

"Ондай сәтте ештеңе ойламайсың. Сенің бар ойың – адамды аман алып қалу. Көпірден секіргенде, өз басымды емес, ана жігітті құтқаруды ғана ойладым", — деді ол. 

Тағы бір де қырағы полицейлер Астанадағы элиталы тұрғын үйлердің бірінде пәтер жанып жатқанын көріп, жедел басқару орталығына хабар береді. Айтуынша, әріптесі екеуі сол күні Сарайшық-Қабанбай батыр қиылысы жағында кезекшілікте жүрген. Бағдаршамда тұрғанда, көп қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы пәтер өртеніп жатқанын көзі шалған.

Жас полицей Азамат Балтабаев

"Әріптесім екеуміз жүгіріп келіп, қызыл жалын щарпыған үйден көршілерді шығара бастадық. Алтыншы қабатқа көтеріліп бара жатқанда, немересін ерткен апа кезікті. Әжей өздігінен жүре алмайды екен. Арқама салдым да, бірінші қабатқа дейін түсірдім.

Алматыда полицей өзі жараланса да, қарулы қылмыскерді тоқтатты

Қайтадан көтерілгенімде, 11-қабатта аяқ-қолы жоқ мүгедек ер адамды көрдім. Оны да арқама салып, сыртқа шығардым. Сөйтіп барлық тұрғынды шығарып алдық. Үшінші қабаттағы өрт төртінші қабатқа ауысты. Балкон түгі қалмай, жанып кетті", — деп баяндады аға-лейтенант. 

27 жастағы Азамат Қанатұлының ерлігі осымен шектелмейді. Осыдан үш күн бұрын жас полицей 6 жасар баланы ажалдан аман алып қалды. 

"Кешкі бестер шамасында Қобыланды батыр көшесіндегі тұрғын үйдің тоғызыншы қабатында кішкентай бала терезені ашып, тақтайшасында жүр деген хабарлама түсті. Хабарламаны алғаннан кейін, жаңағы мекенжайға келдік. Көп ұзамай, артымыздан ТЖК құтқарушылары да келіп жетті. ТЖК көлігінің баспалдағымен тоғызыншы қабатқа көтеріліп, ішке кірдік. Үйде алты жасар ұл мен сегіз жасар қыз жүр. Олардың жасын кейін білдік. Ұл бала жылап жүр, соған қарағанда, терезені ашып, ата-анасын іздеген шығар деп ойлаймын. Әке-шешесі жұмыста, есікті сырттан құлыптап кетіп қалған. Сөйтіп балаларды киіндіріп, Алматы АІІБ-ға апардық. Көп ұзамай ата-анасы келіп алып кетті", — деп әңгімеледі астаналық тәртіп сақшысы. 

"Мақсат – марапатталу емес"  

… Өзінің әріптестеріне сөзбен емес, іспен үлгі көрсетіп жүрген Азамат осылай санайды. 

Алғашқы марапатын 2017 жылы, Астана ішкі істер департаментінің сол кездегі басшысы, генерал-майор Амантай Әубәкіровтің қолынан алған. "Қазақстан полициясының 25 жылдығы" медалімен марапатталған.Одан кейін Астана әкімі Әсет Исекешев "Үздік полицей-2017" мүсіншесі мен грамота табыс етеді. Ал былтыр желтоқсанда қала әкімдігінің жастар саясаты басқармасы ұйымдастырған шарада "Ерлігі үшін" номинациясының жеңімпазы атанады.

1 / 2
Марапаттау сәтінен
2 / 2
Марапттау сәтінен

"Адам өмірін құтқару – біріншіден, біздің жұмысымыз. Екіншіден, міндетіміз. Біз үшін ең үлкен марапат – жұмыстан отбасыңа, бала-шағаңа аман-есен оралу", — дейді ерлігін айтып мақтануды жөн көрмейтін Азамат. 

"Полицейлерді парақор деп айтатындарға ренжімеймін"

Аға-лейтенант Азамат әр адам өз ісіне өзі жауап беруі керек деп санайды.

Астанада шетелдіктің білезігін тауып алған полицей марапатталды

"Жұрттың не айтатында шаруам жоқ, оларға ренжімеймін де. "Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді" дейді ғой. Мен өз әрекетіме жауап беремін. Басқалардың не істеп жүргені қызық та емес. Егер маған біреу келіп, "Азамат, сен парақорсың" деп намысыма тиетін сөз айтса, әрине мен ашуланамын. Өйткені мен нәпақамды адал тауып жүрген жанмын. Ал полицейлер парақор деген әңгіме, мен танымайтын бәзбіреулердің арасындағы әңгіме. Не айтса да, өздері білсін. Мен солай ойлаймын", — дейді ол. 

Мемлекет қолдан келгенше құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне көңіл бөліп жатыр. Полицейлердің мәртебесі әрдайым жоғары болған, бола береді дейді аға-лейтенат.

"Хоббиім – футбол ойнау" 

Полицейлердің күнделікті жұмыс режимі таңғы сағат бес жарымнан басталады. Таңмен таласа тұратын Азамат  06:10-да қызметіме кірісіп кетемін дейді. Үйге кешкі тоғыз-ондарда бір-ақ оралады. 

"Таңғы бесте тұрып, кешкісін тоғызда келгеннің өзі спорт деп ойлаймын. Аптасына екі рет физикалық дайындық, жауынгерлік дайындық болып тұрады. Ал сәрсенбі мен жексенбі күндері мектептің стадионында әріптестеріммен футбол ойнаймын. Бұл менің бала кезден бергі келе жатқан хоббиім", — дейді ауылда доп қуалап өскен полицей. 

Футболды жаны сүйсе де, Ресейде өтіп жатқан әлем чемпионатын көрмейді екен. Оған уақыт та жоқ.