АСТАНА, 12 маусым — Sputnik. K2/GGG Promotions басқарушы директоры Том Леффлер қазақстандық Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль "Канело" Альварестің екінші жекпе-жегі туралы келіссөздер процесі қалай жүріп жатқанын айтты, деп жазды Sports.kz.
"Мен әлі Эрик Гомеспен келіссөз жүргізіп жатырмын, алайда қос боксшысы да өз айтқандарынан қайтпай отыр. Бір шешімге келе аламыз ба, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. Бұл жекпе-жекті барлығы көргісі келеді. Мәмілеге жақынбыз ба, жоқ па? Оны айту қиын. Жақындап қалған болуымыз да мүмкін, алайда келісімшартқа қол қойылған жоқ, ештеңе аяқталмады", — деп жауап берді Леффлер Boxingchannel.tv-ға берген сұхбатында.
GGG мен "Канелоның" рематчы 15 қыркүйекте өтеді деп жоспарланған. Бүгін мексикалықтың промоутері Оскар де ла Хойя осы күнге Лас-Вегастағы T-Mobile Arena аренасын брондап қойғаны белгілі болды.