АСТАНА, 10 мамыр — Sputnik. Астана полициясының бес жұлдызды қонақ үйге көшетін-көшпейтінін ішкі істер министрлігі ресми өкілі Алмас Сәдубаев айтып берді.
"Астана ІІД Ramada Plaza қонақ үй кешеніне көшіру мәселесі қаралып жатыр. Ақтық шешім әлі қабылданған жоқ", — деп мәлімет берді Сәдубаев.
Бұдан бұрын президент Нұрсұлтан Назарбаев қаладағы ахуалды жақсарту үшін ІІД-не үлкенірек ғимарат беру керектігін атап өткен болатын.
"Астана азаматтар үшін тыныш қала болуы тиіс. Қалалық полицейлердің жұмыс істеуіне дұрыс жағдай жасалмағанын білемін. Қазір қаладағы ахуалды жақсарту үшін ІІД-не үлкенірек ғимарат беру мәселесі қаралып жатыр", — деп Елбасы 5 сәуірде елорданы көркейту бойынша жиында айтқан болатын.
Ramada Plaza Astana қонақ үйі аса ыңғайлы бөлмелер, тренажер залы, мейрамхана, конференция залдарынан тұрады.
Ресми сайттағы мәлімет бойынша, кеңсе жалдау бағасы шаршы метріне 4 500 теңге.