Өңірлер

Өскеменде анасы екі жасар сәбиін құтқарам деп өзенге секірді

Екі жасар бала өзенге құлап кеткен кезде, анасы да соңынан секірген
Sputnik

АСТАНА, 20 сәуір — Sputnik. Өскеменде анасы мен екі жасар баласы Ертіс өзеніне батып кете жаздады, деп хабарлады Қазақстанның төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті ресми өкілі Руслан Иманқұлов.

Астанада сәби балабақшадан өз бетімен шығып, суға кете жаздаған

Жұма күні 12 кезінде өзенге құлап кеткен баласын құтқармақ болып, әйел адам Ертіске секірген.

Абырой болғандай, жақын маңда жүрген №2 қалалық өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі Виталий Бақтыбаев оларды байқап қалып, көмекке ұмтылады. Электромонтер Ернар Қадылбеков пен оның әріптесі Айдын Төртбай да ана мен баланы судан алып шығуға жәрдемдескен. Қадылбеков сәбиге жасанды дем беріп, өлімнен арашалап қалды.

Сол маңда болған облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бөлім басшылары, зардап шегушілерді жағада күтіп алып, алғашқы көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақырыпты.

1 / 2
Виталий Бақтыбаев
2 / 2
Виталий Бақтыбаев әріптестерімен

Атап өтсек, жүргізуші Виталий Бақтыбаев бір жыл бұрын Ертіске секіріп, өз-өзіне қол салмақ болған қызды райынан қайтарып, құтқарған болатын.