АСТАНА, 3 сәуір — Sputnik. WBA Super, WBC, IBF, IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкиннің бапкері Абель Санчес шәкіртінің Сауль Альвареске қарсы жекпе-жегі әлдеқашан, мексикалық допингпен ұсталған бойда тоқтатылуы тиіс болғанын мәлімдеді, деп жазды sports.kz.
"Канеломен" жекпе-жек соңғы сәттерде ғана емес, әлдеқашан тоқтатылуы керек еді. Бірнеше апта бұрын, допинг туралы белгілі болған бойда шара қолданылуы тиіс болатын. Егер шешім соңғы сәтте қабылданса, тыңдаудың қорытындысы Альварестің пайдасына шешілген күннің өзінде көптеген проблема туғызады. Меніңше, Саулдің әрекеті – балалық. Тамағының құрамын тексермейтін неғылған жан? Геннадий бірдеңе шығып қалмасын деп, тіпті дәрумен ішпейді. Тыңдаудан кейін Головкиннің жаңа қарсылас іздеуге екі-ақ апта уақыты болады. Сондай-ақ ол жекпе-жекті жарнамалауға уақыт тапшы болатыны түсінікті. Алайда Геннадий қалай болған күннің өзінде Лас-Вегаста 5 мамырда жұдырықтасады. Кіммен? Оны ешкім білмейді, дегенмен оның промоутерінің "Б" жоспары бар", — деп Санчестің сөзінен үзінді келтірді RingPolska ресурсы.
Естеріңізге салайық, Альварестің екі допинг сынамасынан (17 және 20 ақпандағы) кленбутерол препараты табылған болатын. Оның ісіне қатысты шешімді 18 сәуір күні Невада штатының атлетикалық комиссиясы шығарады. Алдын ала болжам бойынша, боксшы 6-12 айға спорттан шеттетіліп, айыппұл төлеуі мүмкін.