Қоғам

Еліміздің тұрғындары ұялы телефонын тіркеуге міндеттелді

Талапқа бағынбағандардың байланыс құралдары алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап бұғатталады
Sputnik

АСТАНА, 31 наурыз — Sputnik. Бұдан былай әр азамат ұялы телефонының IMEI-кодын ресми тіркеуге міндетті. Еліміздің Ақпарат және коммуникациялар министрлігі осындай бастаманы қолға алды. 

Өйткені "терроризмге қарсы күресте және әртүрлі қылмыстың жолын кесуде бұл аса қажет" деп түсіндірді жауапты мамандар. Ал талапқа бағынбағандардың байланыс құралдары алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап бұғатталады.  

Енді ХҚКО-ға бармай-ақ тіркеуге тұруға болады – ІІМ

IMEI-код – бұл ұялы телефонның ішінде немесе қорабының бетінде жазылып тұрған сандар жиынтығы. Яғни ол байланыс құралының зауыттан шыққанда бекітіп берген жеке нөмірі.

24.kz арнасы хабарлағандай, бұған дейін еліміздегі азаматтар ұялы байланысты қолдану үшін SIM картасы мен куәліктегі ЖСН, яғни жеке сәйкестендіру номерін тіркеп келген еді. Енді олардың қатарына IMEI-кодты да қосу міндетті болып отыр. 

"Ол ұрлық жасалғанда және құқық қорғау органдары жедел іздестіру шараларын жүргізген кезде қажет болады. Бұл заң талабы орындалуы үшін өткен жылдың 28 желтоқсанында байланыс туралы заңның 36-бабына өзгерістер енгізілді. Яғни қазір ұялы телефонды тіркеу үшін ЖСН және ұялы телефонның IMEI-коды қажет", — дейді ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі басқармасының басшысы Бауыржан Қажыбаев.

Автокөлікті мемлекеттік тіркеу ережесі түбегейлі өзгерді

Енді көпшілікті оның жүзеге асу механизмі алаңдатары анық. Бұл тұрғыда жауапты мамандар IMEI-кодты байланыс операторлары арқылы тіркеуге болатынын айтады. Яғни жаңа телефон алсаңыз, оны кеңсесіне барып тіркету керек. Ал облыс немесе аудан орталығынан шалғай орналасқан ауыл тұрғындары үшін басқа балама жолдар қарастырылып жатыр. Жалпы мақсат айқын. Енді оны іске асырудың оңтайлы әдістерін енгізу қалды дейді бастаманың бас-қасында жүрген Виталий Ярошенко. 

"Қазір біздің министрлік IMEI-кодтарды тіркеудің ережесі мен тәртібін жасап жатыр. Бұл жұмысқа ұялы байланыс операторлары және қоғамдық кеңес те белсенді атсалысуда. Ең бастысы бұл процестің барынша жеңіл өтуін қамтамасыз етуіміз керек. Осы мақсатта тіпті абоненттің ешқайда бармастан IMEI-кодты тіркейтін жолдарын қарастырып көреміз", — деп түсіндірді ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі комитеті төрағасының орынбасары Виталий Ярошенко.

Көлік құжаттарын қашан интернет арқылы рәсімдеуге болатыны белгілі болды

Ұялы байланыс операторлары кодтарының бірыңғай базасын құрудағы мақсат әртүрлі қауіп-қатер мен қылмыстың алдын алудан бөлек, контрафактілі тауар айналымына шектеу қою дейді мамандар. Өйткені нарықта жасырын цехтарда жасалған телефондар қаптап жүр. Ал біркелкі IMEI-кодтар арқылы оның көшірме екенін анықтауға мүмкіндік бар. Сәйкесінше, мұндай телефондар бұғатталып тасталады. Дәл осындай шара өз байланыс құралын мүлде тіркемгендерге де қолданылуы мүмкін. Жалпы бұл тәжірибе Түркия мен Әзірбайжан елдерінде кеңінен қолданысқа еніп, өз жемісін беріп үлгерді. Ал біздегі бастаманың нәтижесін алдағы уақыт көрсетеді.