АСТАНА, 28 қараша — Sputnik. Келесі жылдан бастап ХҚКО-ға бармай-ақ электронды үкімет порталы арқылы тұрақты тіркеуге тұруға болады. Бұл туралы ҚР ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев мәлімдеді.
"Қазіргі уақытта ХҚКО-ға бармай-ақ электронды үкімет порталы арқылы тұрақты тіркеуге тұру және азаматтарды тіркеуден шығару механизмі пысықталды. Оны 2018 жылы іске қосу жоспарланып отыр", — деді Е.Тұрғымбаев.
Тұрғымбаев ІІМ халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын жақсарту бойынша жүйелі шаралар қабылдап отырғанын атап өтті.
"Бүгінде министрлік мемлекеттік қызметтің 39 түрін көрсетеді. Ведомство қызметкерлері 286 халыққа қызмет көрсету орталығында және 14 арнайы халықққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істейді", — деді министрдің орынбасары.
Осы жылдың 10 айы ішінде азаматтарға 19 миллион 742 мыңнан астам қызмет көрсетілді, оның басым көпшілігі – мекенжай анықтамаларын беру, автокөліктерді тіркеу, халықты құжаттандыру және азаматтарды тұрғылықты және уақытша тұру орындарына тіркеу және тағы басқа.
Мемлекеттік қызмет көрсетуді жеңілдету және процестерді жылдамдату үшін ІІМ оларды электронды үкімет порталы арқылы автоматтандыруды белсенді енгізуде.
Сонымен қатар, 2017 жылдың басында ХҚКО-ға бармай-ақ, онлайн режимде "электронды үкімет" порталы арқылы уақытша тіркеу жүргізу мүмкіндігі туды.
Осы жылдың 1 қарашасынан бастап уақытша және тұрақты тіркеу кезінде тұрғын үйге меншік құқығы туралы 2-нысанды анықтаманы талап ету жойылды (тек 25 күн ішінде 138 мың адам тіркеуге тұрды, оның ішінде 115 мың адам – тұрақты тіркеуге және 23 мың адам уақытша тұратын орны бойынша тіркелді).