Өңірлер

ШҚО әкімі су басқан ауданның тұрғындарына: сіздерге жаңа үй сатып әпереміз

Өңір басшысы Даниал Ахметов кеше жергілікті ауқымда төтенше жағдай жарияланған Глубокое ауданын аралап көрді
Sputnik

АСТАНА, 25 наурыз – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысында бірнеше ауылды әлі де су басып жатыр, деп хабарлайды облыстың өңірлік коммуникациялар қызметі.  

Глубокое ауданы үлкен судың ортасында қалған. Сондай-ақ  Тарханка, Прогресс, Белоусовка, Предгорное және Глубокое елді мекендерін су басқан. Ауданның әкімшілік орталығы Глубокое елді мекеніндегі Глубочанка өзені арқылы өтетін шағын көпір су астында қалды.  

Кеше кешке Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Глубокое ауданында болып, су басқан көпірді қарап шықты.  

ШҚО аудандарының бірінде төтенше жағдай жарияланды
"Үйді арнайы комиссия бағалайды. Егер сіздің үйіңіз қалпына келтіруге болатын болса, қалпына келтіреміз. Ал жарамсыз болса, жаңа үй немесе пәтер алып береміз. Шығынның бәрін есептеп, орнын толтырамыз", — деп сендірді Ахметов.

Содан кейін әкім зардап шегушілерді эвакуациялау пунктін аралап көрді. Қазір Оралхан Бөкей атындағы жергілікті мектеп-интернатқа алты ересек адам және бес бала орналастырылды. Мектепке тағы  150 адамды жайғастыруға болады. Ол жерде медициналық пункт пен психолог жұмыс істеп жатыр, адамдар үш мезгіл аспен қамтылды.  

Бұдан бұрын Шығыс Қазақстан облысындағы Глубоков ауданында жергілікті деңгейдегі табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған болатын. Күннің күрт жылынуынан ондаған үй мен ауланы су басты. 

Жалпы, облыста 100-ден астам аула мен 49 үйді тасқын су басып қалғаны хабарланды.