АСТАНА, 25 наурыз – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысында бірнеше ауылды әлі де су басып жатыр, деп хабарлайды облыстың өңірлік коммуникациялар қызметі.
Глубокое ауданы үлкен судың ортасында қалған. Сондай-ақ Тарханка, Прогресс, Белоусовка, Предгорное және Глубокое елді мекендерін су басқан. Ауданның әкімшілік орталығы Глубокое елді мекеніндегі Глубочанка өзені арқылы өтетін шағын көпір су астында қалды.
Кеше кешке Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Глубокое ауданында болып, су басқан көпірді қарап шықты.
Содан кейін әкім зардап шегушілерді эвакуациялау пунктін аралап көрді. Қазір Оралхан Бөкей атындағы жергілікті мектеп-интернатқа алты ересек адам және бес бала орналастырылды. Мектепке тағы 150 адамды жайғастыруға болады. Ол жерде медициналық пункт пен психолог жұмыс істеп жатыр, адамдар үш мезгіл аспен қамтылды.
Бұдан бұрын Шығыс Қазақстан облысындағы Глубоков ауданында жергілікті деңгейдегі табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған болатын. Күннің күрт жылынуынан ондаған үй мен ауланы су басты.
Жалпы, облыста 100-ден астам аула мен 49 үйді тасқын су басып қалғаны хабарланды.