АСТАНА, 24 наурыз — Sputnik. Шымкентте Ұлттық ұлан сарбаздары екі кішкентай қызды шешіндіріп, суретке түсірген педофилді ұстады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Жұма күні кешке, сағат 20:45 кезінде Уәлиханов көшесінде жүрген патрульдік топтың басшысы ефрейтор Бекзат Мамановқа бір әйел келіп, түр-кескіні еуропалық белгісіз ер адамды тауып беруді сұрайды.
Әйелдің айтуынша, көпқабатты тұрғын үйдің кіреберісінде алты жасар екі қызын 25-30 жастағы күдікті ер адам алдап шешіндірген.
"Ол күш қолданбай, кішкентай қыздарды шешінуге көндірген, одан кейін оларды планшетіне суретке түсіріп алған", — деп хабарлады ұлттық ұланның баспасөз қызметі.
Патрульдік топ басшысы бірден жауынгерлік жасақтарға хабарлап, күдіктіні іздеуге кіріскен. Ұлан жауынгерлері ер адамды бір сағаттан кейін көрші аулада ұстады.