АСТАНА, 22 наурыз – Sputnik. Американың Алабама штатында қылмыскерлерді бұған дейін қолданылмаған әдіспен өлтіруге рұқсат етті, деп жазады РИА Новости.
Алабама штаты өкілерінің палатасы өлім жазасы кезінде азотты пайдалануға рұқсат ететін заңды мақұлдады. Мұндай әдіс қылмыскерге дәрі егу мүмкіндігі болмаған жағдайда қолданылады.
"Бұл жай ғана оларды ұйықтатып тастайды. Жылдам әрі қиналмай өледі", — деді дебат кезінде республикашыл Джим Хилл.
Алайда заңға қарсы болғандар бұл әдіс бұған дейін қолданылмағандықтан, оның адам жанын қинамайтынына күмән келтіріп отыр.
"Бұрын бізде электрлі орындық болды, ал қазір газ камераларына оралып отырмыз", — деп атап өтті демократтар өкілі Томас Джексон.
Мұндай тәжірибе АҚШ-та бұрын-соңды болған жоқ. Бұған дейін Оклахома мен Миссисипи штаттары да Алабамада қабылданған заңға ұқсас заң жобасын мақұлдады. Алайда, Оклахомада газды тек өлім жазасына мораторий алынған соң қолданбақ.