Өңірлер

Маңғыстауда суға кеткен теңізшіні іздеу жұмыстары қайта басталды

Қаңтар айында суға батқан жас сарбаздың денесін іздеу жұмыстары ауа райының қолайсыздығынан көктемге қалдырылған еді
Sputnik

АСТАНА, 21 наурыз – Sputnik. Маңғыстау облысында өткен жылдың желтоқсанында теңізге батып кеткен Бейбіт Башиковтің денесін іздеу жұмыстары жанданды, деп хабарлайды lada.kz.

Әскерден қашқан сарбаз 10 күннен соң табылды
Іздеу операциясына Маңғыстау облысы ТЖД сүңгуірлері жұмылдырылған. Әзірге еш нәтиже жоқ. Бұл туралы ҚР ҰҚК шекара қызметі 2201 "Б" әскери бөлімінің командирі Ақылбек Исламғалиев айтты. 

Қаңтарда теңізшіні іздеу жұмыстары суды мұз басуына байланысты тоқтатылған болатын. Наурызда бұл жұмыс қайта жанданды. Бейбіт Башиковтің анасы іздеу операциясына тек екі сүңгуір тартылған деп қапаланып отыр. Әйел осының кесірінен іздеу жұмыстарының ұзаққа созылып кетуіне алаңдаулы. 

"Олар маған күн сайын видео жолдайды. Сүңгуірлердің суға кіріп, іздеп жатқанын көрсетті. Бірақ олар тек екеу ғана. Сонда олар қашанға дейін іздейді, тағы бірнеше ай ма? Ұлымның батып кеткеніне үш жарым ай болды, уайым-қайғыдан қан қысымым көтеріліп, қазір ауруханада жатырмын", — дейді сарбаздың анасы Гүлнәр Башикова. 

ҚР ҰҚК шекара қызметі 2201 "Б" әскери бөліміндегілер іздеу операциясы қалай жүріп жатқанын айтты. 

Шекарада ұйықтап қалған қостанайлық сарбаз сот алдында жауап берді
"Теңізшінің денесін іздеу үшін гидроакустикалық станциясы бар кемені тарттық. Ол теңіз түбін сканерлеуге мүмкіндік береді. Су түбінде сарбаздың денесі жатуы мүмкін деген 12 нүкте анықтадық. Сүңгуірлер сол жерде жұмыс істеді, бірақ олар Башиковтің денесі екенін растаған жоқ. Табылған нысандар темір бөлшектері, тастар болып шықты. Анасының екі сүңгуір ғана тартылды дегені қате. Біз барлық сүңгуірдің су түбіне түсу процесін түсіріп жібере алмаймыз. Себебі бұл бірнеше сағатқа созылады. Сондықтан оған видеоны бөліп-бөліп жіберіп жатырмыз. Соңғы рет сүңгуірлер 15 наурызда су түбіне түсті. Қазір ауа райының қолайсыздығынан іздеу жұмыстары жағада жүріп жатыр", — деді Исламғалиев. 

Еске салып өтсек, 11 желтоқсан күні 22 жастағы сарбаз Бейбіт Башиков кезекшілік кезінде қатты желдің кесірінен теңізге құлап кеткен.  Жанында болған жолдасы қанша тырысса да көмектесе алмапты. ҰҚК Шекара қызметінің өкілдері кеме жақындап қалған дауылдан қауіптеніп жағаға оралғанын айтты. Оқыс оқиға кезінде кеме теңіз жағалауынан 400 метрдей қашықтықта болған екен.