АСТАНА, 21 наурыз – Sputnik. Маңғыстау облысында өткен жылдың желтоқсанында теңізге батып кеткен Бейбіт Башиковтің денесін іздеу жұмыстары жанданды, деп хабарлайды lada.kz.
Қаңтарда теңізшіні іздеу жұмыстары суды мұз басуына байланысты тоқтатылған болатын. Наурызда бұл жұмыс қайта жанданды. Бейбіт Башиковтің анасы іздеу операциясына тек екі сүңгуір тартылған деп қапаланып отыр. Әйел осының кесірінен іздеу жұмыстарының ұзаққа созылып кетуіне алаңдаулы.
"Олар маған күн сайын видео жолдайды. Сүңгуірлердің суға кіріп, іздеп жатқанын көрсетті. Бірақ олар тек екеу ғана. Сонда олар қашанға дейін іздейді, тағы бірнеше ай ма? Ұлымның батып кеткеніне үш жарым ай болды, уайым-қайғыдан қан қысымым көтеріліп, қазір ауруханада жатырмын", — дейді сарбаздың анасы Гүлнәр Башикова.
ҚР ҰҚК шекара қызметі 2201 "Б" әскери бөліміндегілер іздеу операциясы қалай жүріп жатқанын айтты.
Еске салып өтсек, 11 желтоқсан күні 22 жастағы сарбаз Бейбіт Башиков кезекшілік кезінде қатты желдің кесірінен теңізге құлап кеткен. Жанында болған жолдасы қанша тырысса да көмектесе алмапты. ҰҚК Шекара қызметінің өкілдері кеме жақындап қалған дауылдан қауіптеніп жағаға оралғанын айтты. Оқыс оқиға кезінде кеме теңіз жағалауынан 400 метрдей қашықтықта болған екен.