Өңірлер

Ақышева: сәуір айында ауа райы "алдамшы" болады

Көктемнің екінші айында күн бірде жылып, бірде суытады
Sputnik

АСТАНА, 19 наурыз – Sputnik. "Қазгидромет" РМК көктемнің сәуір және маусым айларындағы ауа райына болжам жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Синоптиктер биылғы жаз қандай болатынын айтты

Ұзақ мерзімді ауа райы болжамы басқармасының басшысы Гүлмира Ақышеваның айтуынш, сәуірде күн жылы әрі жауын-шашынды болады. 

"Сәуір айы жылы әрі жауын-шашынды болады деп болжанып отыр. Әсіресе бұл айдың бірінші және үшінші онкүндігінде жиі байқалады. Бұл айда суық және жылы күндер алма-кезек ауысуына байланысты ауа райы құбылады. Ең төменгі температура бірінші онкүндіктің соңына қарай байқалады", — деді Ақышева ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Синоптиктердің болжамынша, бірінші онкүндіктің соңында солтүстікте, орталықта және шығыста сынап бағанасы түнде —5…-15 градусқа дейін төмендеп, күндіз 0..5 градусқа дейін жоғарылайды. Республиканың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында ауа температурасы түнде 0…5 градус, күндіз +5…+10 градус аралығында. 

Ақышева болжамға сәйкес сәуірдің екінші және үшінші онкүндігінде Орта Азиядан ығысатын оңтүстік-батыс ағымдардың әсерінен күн жылып, ал оңтүстікте ыстық болатынын атап өтті. 

"Сынап бағанасы күндіз солтүстік өңірлерде +15…+23 градус, оңтүстік аймақтарда +20…+28 градусқа дейін көтеріледі. Сәуір айында ауа райы "алдамшы" болғандықтан, жылы күндер ұзаққа созылмайды. Өйткені үшінші онкүндіктің басында және соңына қарай күн суыта түседі. Еліміздің солтүстік аймақтарында жауын-шашын түсіп, түнде ауа температурасы нөлден төмен, күндіз +5..+15 градус жылы болады. Оңтүстікте күн күркіреп, өткінші жаңбыр жауады", — деді басқарма басшысы.  

Ал мамыр айы жылы және жаңбырлы болмақ. Тек оңтүстік-батыста, оңтүстікте және орталықта жауын-шашын нормадан аз түседі деп болжанып отыр.