АСТАНА, 16 наурыз – Sputnik. Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова "Тұмар" ұлттық телевизиялық сыйлығын тапсыру рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Гүлшара Әбдіқалықова ұлттық телевизиялық сыйлықты тапсыру рәсімін ашып, Қазақстан Республикасы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзін оқып берді.
"Мемлекет қазақ телевизиясының заман талабына сай дамуы үшін барлық мүмкіндіктерді жасауда. ТМД аумағында баламасы жоқ "Қазмедиа орталығы" – осының айқын дәлелі", – делінген құттықтау хатта.
Елбасының құттықтауы оқылғаннан кейін "Тұмар" телевизиялық сыйлығын тапсыруға арналған салтанатты рәсім өтті.
Іс-шара барысында Мемлекеттік хатшы қазақ телевидениесінің құрылу тарихына және қазақ телевидениесінің 60 жылдық мерейтойына арналған көрмені аралап көрді.
Шараға парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, қоғам қайраткерлері, телевизия саласының ардагерлері, республикалық телеарналар мен БАҚ өкілдері қатысты.
2018 жылы осы сыйлыққа ұсынылған жұмыстар 14 номинация бойынша қабылданды. Астананың 20 жылдық мерейтойы мен қазақ телевизиясының 60 жылдығына арналған номинациялар да бар.
Конкурсқа барлығы 400-ге жуық өтінім ұсынылған. Олардың саны өткен жылмен салыстырғанда 1,6 есе артқан.