АСТАНА, 14 наурыз — Sputnik. Шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққандар, дұрыс жолға түспей, арақ ішетін болса, қайта түрмеге тоғытылатын болады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Темір тордың ар жағындағы өзінің үлгілі тәртібінің арқасында шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығатындар бар. Олар бостандыққа шыққан соң белгілі бір уақыт жазасы біткенше, заңда көрсетілген нормаларды сақтауы керек", — деп түсіндірді отырыстан кейін ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев журналистерге.
Мәселен, шартты түрде босап шыққандарға түнде үйден шығуға, тиісті органдардың рұқсатынсыз ел аумағынан кетуге болмайды.
"Осы жерге біз тағы бір норма енгізіп жатырмыз. Яғни, ол ішімдік ішпеуі керек. Егер спирттік ішімдік ішіп қойса, ол қайта сот арқылы колонияға қайтарылады", — деді вице-министр.
Учаскелік полицей адамның арақ ішкенін-ішпегенін сараптама жасап анықтайды. Мысалы, көршілерден түскен шағым оны тексеруге себеп болуы мүмкін. Тұрғымбаев атап өткендей, "ешкім ешкімді аңдып, ізіне түспейді".