АСТАНА, 16 қараша— Sputnik. Алматы облысының Қапшағай қалалық соты Қазақстан журналистер одағының бұрынғы басшысы Сейітқазы Матаевты шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішті қанағаттандырды, деп хабарлады Sputnik Қазақстанға адвокат Андрей Петров.
"Сот қаулыны жариялады, Матаевты шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға шешім қабылдады. Оның бостандыққа шығуына 1 жыл 4 күн қалған болатын. Тұрғылықты мекенжайы бойынша пробациялық бақылау орнатылды. Біз қосымша ұйымдастыру және басқару лауазымын иеленуге тыйым салудан босатуды сұраған едік, бірақ сот одан бас тартты", — деп хабарлады Петров.
Оның айтуынша, сот қаулысы 15 күннен кейін күшіне енеді, дегенмен прокурор соттың шешіміне шағымдануы мүмкін.
"Прокурор қарсы болды, өтініштен толығымен бас тартуды сұрады, алайда сот қолдау білдірді. Егер қарсылық білдірмесе, біз Матаевты үйіне алып барамыз", — деп толықтырды адвокат.
Сейітқазы Матаев пен оның «ҚазТАГ» ақпараттық агенттігін басқарған ұлы Әсет аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды және аса ірі көлемде салық төлеуде жалтарды деп айыпталды. Сейітқазы Матаевқа ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлімі 2-тармағы, 245-бабының 3-бөлімі 177-бабы 4-бөлімі "б" тарбағы бойынша айып тағылған. Оның ұлы Әсет Матаев ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлімі 2-тармағы бойынша айыпталды.
Әкесі мен ұлы өздеріне тағылған айыпты мойындаған жоқ.
Осы жылдың сәуірінде Қазақстан журналистер одағының бұрынғы басшысы Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай рақымшылыққа ілігіп, жазасы 2 жыл 8 айға қысқарғаны белгілі болды. Ал Әсет Матаевқа рақымшылық жасалмаған.