АСТАНА, 26 ақпан — Sputnik. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Мәскеу түбінде қаза болған үш адам отандасымыз екенін растады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Қайтыс болғандардың туыстарына оқиға туралы хабар берілді. Қазіргі таңда Қазақстанның Ресейдегі елшілігі консульдық-құқықтық көмек көрсету, оның ішінде қаза болғандардың мәйітін Қазақстанға жеткізу жұмыстарын жүргізіп жатыр", — деп нақтылады ведомствоның баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, Ресейдің Мәскеу облысындағы Новоселки ауылында жүк көлігінің кабинасынан үш адамның мәйіті табылған болатын. Мәскеу облысы бойынша тергеу комитетінің бас тергеу басқармасының мәліметінше, фура Чехов ауданына Қазақстаннан жүк тиеу үшін барған. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адамдар газдан уланып қайтыс болған.