АСТАНА, 20 ақпан — Sputnik. Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл оқушыларға "Дінтану негіздері" пәні арқылы оқушыларды отанды сүюге, ұстазды құрметтеуге, зиян әдеттерден аулақ болуға баулу керек деп есептейді. Бұл туралы ол мәжілісте мұғалім мамандығының беделін арттыру мәселелері талқыланған отырыста айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Депутаттың айтуынша, осы пән арқылы өскелең ұрпақтың бойында адамгершілік-рухани қасиеттерді тәрбиелеуге болады.
"Оның ішінде отанға деген махаббат, ұстазға деген құрмет, қыз балаға деген құрмет, оның арын қорғау, нашақорлықтың зияны — осылардың барлығын бұл пәннің ішінде ескеруге тиіспіз. Қазіргі таңда мектеп қабырғасында оқытып жатқан неше түрлі "жынысқтық қатынасты қалай жасау керек", "мүшеқапты қалай кию керек" деген сияқты дүниелерді үйреткенше, керісінше отанды қалай сүю керек екенін оқытқан дұрыс деп ойлаймын", — деді депутат.
"Рухани жаңғыру бағдарламасы біз үшін өте үлкен бағдарлама. Мектепте рухани жаңғыруда айтылған құндылықтарды енгізіп, бұл жұмысты жүйелі түрде жүргізуіміз керек. Әрине, отанды, туған өлкені сүю мәселесі бүгін қолға алынды. Нақты айтатын болсақ, киелі жерлерге бару, мұражайларда сабақ өткізу осы жұмыстың бір бөлігі ғана. Жалпы, бұл мәселені министрлік кешенді түрде қолға алып, жұмыс жүргізіп жатыр. Осы бағыт бойынша жұмысты әрі қарай жалғастыра береміз", — деді вице-министр.