Саясат

Назарбаев министрге: мына жұмыстан шаршадың ба әлде?

Астанада президенттің қатысуымен үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті
Sputnik

АСТАНА, 9 ақпан – Sputnik. Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Нұрсұлтан Назарбаев еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар туралы сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Министр Дүйсеноваға талай рет айттым. Не болды енді Тамара, айтшы. Әлде шаршадың ба сен мына жұмыста?",- деп сұрады президент министрден.

Елбасы Сұлтановқа: үшінші ескерту соңғы болуы мүмкін
"Нұрсұлтан Әбішұлы, бұл жөнінде біз үлкен жұмыс атқардық. Бүгінгі  таңда сіздің тапсырмаңызға сәйкес, 18 миллион азаматтың әлеуметтік статусын анықтап болдық… Соның ішінде өзіңіз айтқан 2,7 миллионның ішінен жұмыс істейтін азаматтарды бөліп шығардық. Олардың 800 мыңы жарналарын төлеп жатыр. Қалғаны – 1,5 миллион азамат, олардың тізімін әкімдерге электронды форматта тапсырдық.  Соның ішінде өзінің кәсібімен шұғылданып жүрген азаматар да бар. Бірақ бүгінгі таңда Салық кодексінде де, Кәсіпкерлік кодексінде де "егер жылына 700 мың теңге табысы болса, онда ол тіркеуге тұруы міндетті емес" деген норма бар", —деді министр. 

Дүйсенова қазір үкіметте үлкен топ құрылғанын, сәуір айында осы заңдарға өзгеріс енгізу жоспарланып отырғанын айтты.

"Ең бірінші, өзін-өзі қамтыған азаматтар деген кім, соның анықтамасын береміз. Егер шынымен олардың табысы 700 мыңнан кем болса, хабарландыру арқылы жеңілдетілген түрде тіркелсін", — деді министр. 

Президент Ақышевке: не рахмет? Сен мұны баяғыда істеуің керек еді
"Мен де олар кім деп бес жыл сұрап келемін ғой", — деді президент. 

"Нұрсұлтан Әбішұлы, олардың бәрін анықтап қойғанбыз. Ең негізгі мәселе оларды жұмысқа тарту. Биыл әкімдермен бірігіп, солардың ішінен 400 мың адамды бағдарламаға тартқалы отырмыз", — деп жауап қатты министр.