Қоғам

200 мың теңге жалақымен пәтер алу үшін 20 жылдай уақыт қажет – сарапшы

Бастапқы жарнаны 3 жылда жинағысы келетіндердің кірісі 350 мың теңге болуы тиіс
Sputnik

АСТАНА, 8 ақпан — Sputnik.  Сарапшылардың есептеуінше, баспаналы болу үшін отбасының табысы 200 мыңнан кем болмаған жағдайда, оның 20 мыңын ай сайын үзбей салып отырып, 1 бөлмелі баспанаға қажетті бастапқы жарнаны 10 жыл бойы жинау керек екен.  Ал пәтерді қолма-қол сатып алу үшін кемі 20 жылдай уақыт қажет, деп хабарлады КТК.  

Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған баспана қашан арзандайды?
Зерттеу қорытындысына қарағанда, 1 ғана жалақымен баспаналы болу бізде тым қиын. Бұл мүмкін болғанның өзінде, қоныс тойын жылдар бойы күтуге тура келеді. Мысалы, отбасының табысы 200 мың болса, болашақ баспана үшін ай сайын оның 10 пайызын ғана жинай аламыз. Ал, қалғаны күнделікті шығыннан артылмайды екен. Осылайша, тек арада 10 жыл өткен соң 1 бөлмелі пәтерге қажетті бастапқы жарна жиналады. Бұл инфляция деңгейін қоспағандағы есеп. Ал, осындай табыспен пәтерді қолма-қол сатып алу үшін кемі 20 жылдай уақыт қажет. Айына 100 мың теңгеден жинау үшін кіріс көлемі 350 мың болуы тиіс. Бұл қарқынмен бастапқы жарнаны 3 жылда жинауға болады. Ал, баспанаға ипотекасыз 7-8 жылда қол жеткізе аласыз.

Пәтерді 5 жылдың ішінде қолма-қол алғысы келетіндер болса, айына 200 мыңнан депозитке салып отырулары керек. Ал, 150 мың теңге көлеміндегі отбасылық табыспен үйлі болу мүмкін емес. Сарапшылар осылай ашығын айтты.

Елімізде баспана қымбаттады
"Егер отбасы пәтер жалдап тұратын болса,150 мың теңге көлеміндегі табыспен мүлдем ақша жинай алмайды. Ақша күнделікті шығыннан артылмайды. Яғни, мұндай табыспен бастапқы жарнаның өзін жинау мүмкін емес жағдай", — дейді krisha.kz порталының шолушысы Алина Буравцева.

Жалпы тезірек баспана кілтін алу үшін, азаматтардың көп нәрсеге шектеу қойғаны абзал. Мамандардың бұл кеңесі, әсіресе, қазақтар үшін қиындау болғалы тұр. Өйткені, үйлі болмай, той жасамау керек екен. Тамақтан да шектеу болғаны жөн.

 "Егер адам пәтерлі болуды мақсат еткен болса, оған тезірек қол жеткізгісі келсе, кей жерлерде өзіне шектеу қоюы қажет. Мәселен, бір клиентіміз бастапқы жарнаны қысқа мерзімде жинау үшін түрлі тағамдардан бас тартқан, отбасы қыдыруды тоқтатқан. Үнемдеу арқылы 3-4 жылда қомақты қаржы жинауға болады", — деп түсіндірді "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ филиалы директорының орынбасары Диас Рақымжан.

Депутат апатты үйлердің тұрғындарына "Нұрлы жер" аясында баспана беруді ұсынды
Өткен жылы осылай өзіне көп нәрседен шектеу қойғандар көп болса керек, тұрғын үй нарығы қатты жанданыпты. Сауда-саттық бірден 28 пайызға өскен. Мамандар бұған клиенттеріне түрлі мүмкіндіктер беріп отырған құрылыс компаниялары ғана емес, мемлекеттік бағдарламалардың да оң әсер еткенін айтады. Ал, сұранысқа жер үй емес, пәтерлер көбірек ие екен.

Әсіресе, жұрт, шағын баспаналарды көптеп сатып алған. Аумағы үлкендеріне қызығушылық төмен. Мұны құрылысшылардың ескергені абзал.Әрі жаңа үйлер көбірек сатылыпты. Биыл да тұрғын үй нарығында аса өзгеріс болмайды деген болжам бар. Ал, шаршы метрлердің бағасына келсек, ол да 2018 жылы қатты құбылмайды. Сондықтан, баспаналы болуды жоспарлағандар болса, бағаның арзандауын күтіп, уақытты созудың қажеті жоқ.