АСТАНА, 25 қаңтар — Sputnik. Сенат депутаттары үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдап, апатты үйлердің тұрғындарына "Нұрлы жер" аясында баспана беруді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Елбасы биыл "төртінші революциялық жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" атты Қазақстан халқына Жолдауында баспанамен қамтамасыз ету көрсеткішін 2030 жылы бір тұрғынға шаққанда 30 шаршы метрге жеткізу міндетін қойды. Осыған орай төмендегі мәселенің өзектілігін атап өту қажеттілігі туындап отыр. Бүгінгі республикамыздың көптеген қаласында апатты жағдайда деп танылған үйлер бар. Апатты деп танылған үйлердің тұрғындары жергілікті атқарушы органдарда кезекте тіркелген. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне авариялық жағдайда деп танылған үйлерде тұрып жатқан азаматтарды тұрғын үймен қамту көзделген", — деді бүгін сенаттың жалпы отырысында Ерболат Мұқаев.
Айтуынша, өкінішке қарай, қолданыстағы заң бұл мәселені түбегейлі шеше алмай отыр.
"Мысалы, екі қабатты тұрғын үйде 18 отбасы тұрып жатыр делік. Олардың тұрғын үйге тіркелу кезегі әртүрлі. Бірінші тіркелген отбасын тұрғын үймен қамтамыз ету мүмкіндігі болса, соңғы тіркелген отбасының 10 жылдан кейін ғана үйге кезегі келуі мүмкін. Ал апатты жағдайдағы үй жағдайы 10 жылды күте алмайды. Демек апатты тұрғын үйдегі азаматтардың барлығын бір мезетте тұрғын үймен қамтамасыз ету мүмкіндігі жоқ", — деді ол.
Бұл орайда депутат мәселені шешудің жолын ұсынды.
"Жоғарыда баяндалғанның негізінде апатты жағдайлардағы үйлерді жою мақсатында тұрғын үй құрылысын "Нұрлы жер" бағдарламасының бір бағыты ретінде енгізуді, сәйкесінше қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер қарастыруды ұсынамыз", — деп түйіндеді сөзін сенатор.