АСТАНА, 8 ақпан — Sputnik. Сарапшылардың есептеуінше, баспаналы болу үшін отбасының табысы 200 мыңнан кем болмаған жағдайда, оның 20 мыңын ай сайын үзбей салып отырып, 1 бөлмелі баспанаға қажетті бастапқы жарнаны 10 жыл бойы жинау керек екен. Ал пәтерді қолма-қол сатып алу үшін кемі 20 жылдай уақыт қажет, деп хабарлады КТК.
Пәтерді 5 жылдың ішінде қолма-қол алғысы келетіндер болса, айына 200 мыңнан депозитке салып отырулары керек. Ал, 150 мың теңге көлеміндегі отбасылық табыспен үйлі болу мүмкін емес. Сарапшылар осылай ашығын айтты.
Жалпы тезірек баспана кілтін алу үшін, азаматтардың көп нәрсеге шектеу қойғаны абзал. Мамандардың бұл кеңесі, әсіресе, қазақтар үшін қиындау болғалы тұр. Өйткені, үйлі болмай, той жасамау керек екен. Тамақтан да шектеу болғаны жөн.
"Егер адам пәтерлі болуды мақсат еткен болса, оған тезірек қол жеткізгісі келсе, кей жерлерде өзіне шектеу қоюы қажет. Мәселен, бір клиентіміз бастапқы жарнаны қысқа мерзімде жинау үшін түрлі тағамдардан бас тартқан, отбасы қыдыруды тоқтатқан. Үнемдеу арқылы 3-4 жылда қомақты қаржы жинауға болады", — деп түсіндірді "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ филиалы директорының орынбасары Диас Рақымжан.
Әсіресе, жұрт, шағын баспаналарды көптеп сатып алған. Аумағы үлкендеріне қызығушылық төмен. Мұны құрылысшылардың ескергені абзал.Әрі жаңа үйлер көбірек сатылыпты. Биыл да тұрғын үй нарығында аса өзгеріс болмайды деген болжам бар. Ал, шаршы метрлердің бағасына келсек, ол да 2018 жылы қатты құбылмайды. Сондықтан, баспаналы болуды жоспарлағандар болса, бағаның арзандауын күтіп, уақытты созудың қажеті жоқ.