АСТАНА, 27 қаңтар – Sputnik. Алматы облысындағы Өтеген батыр кентінің бұрынғы бас имамы Серік Кәріпжановты ауыл тұрғыны Маматова Гүлзира 4 мың доллар ақшамды алаяқтық жолмен тартып алды деп айыптауда. Басы дауға қалған молдадан мүфтият та теріс айналған, деп хабарлайды КТК.
Бір жыл бұрын қызметінен қуып жіберіпті. Ең сорақысы Алланың атын жамылып алаяқтыққа барды деген азамат соңғы он жылда төрт мешіттің бас имамы қызметін атқарып, жамағатқа уағыз айтып келген.
"Ол кезде жаным қиналып, қызымның шығуын ғана ойладым. Төрт мың доллар сұрағаннан кейін өзім қолына санап бердім. Ол Түркісіб ауданындағы прокурор досыма беремін, сол шаруаңызды шешеді деді. Қолхат алған жоқпын, имам ғой деп сендім", — дейді жәбірленуші Гүлзира Маматова.
Танысым көп деп көпірген молда сөзінде тұрмапты. Ақырында телефон ұрлаймын деп тұтылған Гүлзира Маматованың қызы екі жылға сотталды. Ал имамның алаяқтығын дәлелдейтін дәнеңе жоқ. Алла жолындағы адамға ақша бергенде қолхат та алынбаған. Іс жабулы күйінде қалар ма еді, егер Маматовтар зейнеттегі тергеушімен құдаласпағанда.
"Бұл кісімен бірге Қапшағайға мешітке бардым. Наиб имамға, Құрманәлі деген кісіге жолықтым. Ол Серікті іздеп жүргендер көп екенін айтты. Ол талай адамды сазға отырғызып кеткен екен. Одан да бас имам қылам деп 500 доллар алып кетіпті", — дейді жәбірленушінің құдасы Қазыбек Ертаев.
Серік Кәріпжанов Қапшағайдан соң Ақши ауылы мен Панфиловта да бас имам болып, жамағатқа уағыз оқыған. Жүрген жерін шулатып, халықты қан қақсатқан молданың былығы бетке шыққанда мүфтият да одан теріс айналды.
Күдіктінің адвокаты молданы тоғыз баласымен жұмыссыз далада қалдырған діни басқарманы сотқа береміз деп отыр. Ал басқарма қызметкерлері "имамның қалт басуға құқығы жоқ, ол халықтың айнасы" дейді.
"Діни қызметкер таза болуы керек. Ол халықтың айнасы. Кімнің кінәлі екенін сот өзі дәлелдейді деп ойлаймын", —дейді ҚМДБ заңгері Сағитжан Дәулетияр.
Ет бұзылса тұз себеді, ал тұз бұзылса не себеді?! Он жылдан астам Алла үйінде жамағатқа уағыз оқыған имамның қылмыстық іске шатылуы кім-кімді болса да бей-жәй қалдырмасы анық. Қазір молданың қорғаушысы, өзі, тіпті дін басқармасының қызметкерлері қылмыс дәлелденген жоқ деп отыр. Бірақ Серік Кәріпжановтың үстінен шағымданушылар әлі де артуы мүмкін. Себебі қызметтік бабын асыра пайдаланған имамға құдайдай сенгендер бар ақшасын санап беріп отырған. Ал бұл іске қатысты келесі сот отырысы ақпанның бесі болады.