АСТАНА, 26 қаңтар – Sputnik. ҚР Жоғарғы соты таяудағы екі-үш жылда виртуалды соттар құруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Асанов судьялардың қағазбастылықтан неге әлі күнге дейін арыла алмай жүргенін түсіндірді.
"Мұның бірқатар себебі бар. Біріншіден, компьютермен жұмыс істегіміз келмейді. Екіншіден, компьютерлік сауатсыздық. Үшіншіден, ІТ сервисінің мүмкіндіктері туралы аз айтамыз. Төртіншіден, техникалық қаржы жоқ. Бесіншіден, интернеттің жылдамдығы төмен немесе мүлде жоқ", — дейді төраға.
Оның пікірінше, бар кілтипан – судьялардың өзінде. Тіпті Асанов мырзаның өзі де компьютерден гөрі, қағазды жақсы көреді екен.
Осы орайда жоғарғы сот төрағасы цифрландыру процесін Елбасының өзі жеке қадағалап отырғанын еске салды.
"Сондықтан, әріптестер, ойланыңыздар. Президент жолдауында да цифрландыруға ерекше ден қойды. Сот билігі заман талабына ілесуі керек, осыған жағдай жасайық", — деп түйіндеді сөзін ол.