Қоғам

Асанов: сотқа жүгінудегі мақсатымыз әділдік емес, оппоненттің абыройын айрандай төгу

© Sputnik / Айсулу ЖумагуловаСот отырысы
Сот отырысы - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Астанада сот төрелігін жүзеге асырудың 2017 жылғы қорытындысына арналған кеңейтілген кеңес өтіп жатыр

АСТАНА, 26 қаңтар – Sputnik. ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов екі арадағы дауды бітіммен емес, сот алдына шығарып, айқай-шумен шешкісі келетіндердің көбейіп бара жатқанына налыды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Жоғарғы сот - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Жоғарғы сот төрағасы: біз ешқандай реформа ұсынбаймыз

"Арызданып жүргендер бала-шаға, қалшылдаған қарт емес. Көбісі бизнес жасап, жұмыс орындарын ашып елге пайда келтіріп жүргендер. Кәсібін ысырып қойып алтын уақытын соттасуға жұмсап жүр. Біреу меншігін даулайды, екіншісі қарызын талап етеді. Үшіншісі еңбекақысын өндіргісі келеді. Үйіндегі проблемасын шешемін деушілер де көп. Ағасы інісімен, әкесі баласымен соттасып жатқан жағдай аз емес. Кәсіпкерден жағдайын сұрасаң, біреумен соттасып жатырмын дегенін жиі естисің. Сонда қалай, табиғатынан сабырлы, жанжалды жақтырмайтын xалқымыз дауға құмар болып кеткен бе? Басымыз піспей қалса дереу сотқа жүгінеміз, қит етсе сол. Екі арадағы дауды сот аренасына шығарып, айқай-шумен шешкіміз келеді. Бітімге келу, татуласу, келісу мәдениетіміз қайда жоғалды? Сотқа арызданбай жатып таныс іздей бастаймыз. Сотта ағам бар, көкем бар деп қорқытамыз. Сондағы мақсат әділдік емес, оппоненттен өш алу, абыройын айрандай төгу. Сондықтан Елбасымыз дамуымызға кедергі болатын осындай әдеттерден құтылуымыз қажет деп шегелеп айтты. Руxани жаңғырамыз десек, соның негізгі бір шарты осы", — деді Асанов. 

Төрағаның ақпаратынша, республикада бес жылда азаматтық істер екі есеге көбейген. 

"Азаматтық істер қатты көбейіп келеді. 5 жылда екі есе көбейген. 2013 жылы 560 мың болса, былтыр 900 мыңға жеттік. Алматының Әуезов ауданында 1 судья күніне 12 іс пен материалды қарайды екен. 4 жылда жүктеме 3 есе өскен. Судьялар қағазға көмілуде. Адам тағдырын конвейерге айналдырсақ, сапа қайдан болсын", — деп күйінді Жақып Асанов.

Ол соттасып жүргендердің көптігі бюджетке үлкен салмақ түсіретінін атап өтті. 

"Әр іс бойынша екі тарап бар. Сонда қарап отырсақ, 900 мың іс болса кемінде екі миллион адам сот әуресімен жүр. Оған сот аппаратын, прокурорларды, адвокаттарды, сарапшыларды, сот орындаушыларын қосыңыз. Бұл жалпы бюджетке үлкен салмақ, еліміздің дамуына үлкен кедергі", — деп түйіндеді Асанов.

Жаңалықтар
0