АСТАНА, 23 қаңтар – Sputnik. ҚР ішкі істер министрлігі әр учаскелік инспекторды жеке планшеттік компьютермен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Аталған жоба "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге аспақ. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, планшет арқылы учаскелік инспекторлар ІІМ-нің орталықтандырылған ақпараттық базаларына кіре алады.
"Мәселен, заң бұзушылықтың жолын кесу кезінде учаскелік инспектор ешқайда бармай-ақ заң бұзған азаматтың есепте тұрған-тұрмағанын тексеріп, әкімшілік өндірістегі істі электронды түрде рәсімдей алады. Мәліметтер базасында қызмет көрсетілетін әкімшілік учаске туралы мағлұматтар үнемі жаңартылып отырады", — деп мәлімдеді Қасымов үкімет отырысында.
Сондай-ақ азаматтарға ыңғайлы болу үшін интернет-алаң құру жоспарланып отыр. Онда азаматтар учаскелік инспекторға онлайн режимде жүгіне алады, бұған қоса, өз өтінішінің статусын бақылап, заң бұзушылықтар туралы хабарлап, ұсыныстарын енгізе алады.
Министрдің айтуынша, аталған жобаның жалпы құны 2,7 млрд теңгені құрайды.