АСТАНА, 19 қаңтар — Sputnik. Осы жылдың 15 қаңтарынан бастап "Нұржол" желекжолында ақылы көлік тұрақтары жобасы іске қосылды. 472 көлікке орын әзірленіп, жол белгілері сызылды. Сол сияқты ақпарат алу тақталары орнатылып, 12 паркомат қойылған, деп хабарлайды Елорда инфо.
Әрбір 15 минут сайын арнайы тіркеу құралы орнатылған машина тұрақты аралап, ондағы көліктердің нөмірлерін суретке түсіріп алады. Бұл деректер автоматты түрде тұрақтарды басқару орталығына беріледі. Ол жерде көлік тұрған орын, оның нөмірі, уақыты және төлемнің қандай жолмен жасалғаны көрсетіледі екен.
Мамандардың айтуынша, тұрақ құны таңғы сағат 8.00-ден кешкі 20.00-ге дейін сағатына 100 теңге. Төлем көлікті тұраққа қойған сәттен бастап алғашқы 30 минут ішінде жүргізілуі тиіс. Ал демалыс және мереке күндері тұрақты пайдалану тегін. Айта кету керек, паркомат артық ақшаны қайтармайды. Сондықтан төлемді 50 және 100 теңгелік монеталармен жасаған жөн.
Тұрақты пайдалану тәртібі мен төлем тәсілдері және паркоматтар орналасқан орындар туралы www.2888.kz. сайтынан да толығырақ ақпарат ала аласыз. Сондай-ақ, 8-800-080-28-88 тегін нөміріне немесе қалалық 109 бірыңғай байланыс орталығына да хабарласуыңызға болады. Ал арнайы тіркеуден өту үшін көлік жүргізушілері Ақбұлақ шағын ауданындағы Шарль де Голль көшесі, 1 үй мекенжайында орын тепкен "Астананың көлік тұрағы кеңістігі" ЖШС кеңсесіне баруы қажет.