АСТАНА, 8 қаңтар — Sputnik. "Астананың көлік тұрағы кеңістігі" ЖШС директорының орынбасары Нұрлан Қуанышев "Нұрлы жол" бульварындағы ақылы тұрақтан түсетін ақшаның қайда жұмсалатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Автокөлікті 1 сағатқа тұраққа қою құны 100 теңгені құрайды. Әзірге бұл бағаны өзгерту жоспарланып отырған жоқ. 100 теңгенің 12 теңгесі салық төлеуге, 5 теңгесі – мемлекеттік серіктеске, 12 теңгесі – жаңа жұмыс орындарын ұйымдастыруға (150-ге тарта жұмыс орнын ашылмақ – ред.ескерт.), 44 теңгесі – жабдық сатып алуға, эксплуатациялық шығындар мен жүйеге қызмет көрсетуге, 5 теңгесі – төлем агентінің комиссиясы, 22 теңгесі – тұрақ аймағын реттестіруге кетеді", — деп мәлімдеді ол ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Бір айта кететіні, демалыс және мереке күндері, сондай-ақ түнгі уақытта "Нұржол" бульварына көлік қою тегін.
Сонымен қатар, ҰОС ардагерлері, бірінші және екінші топтағы мүгедектер, "Алтын Қыран" және "Халық Қаһарманы" ордендерінің иегерлері, "Алтын алқа" және "Күміс алқа" иегерлері, Семей ядролық сынақ полигонында жүргізілген сынақтардан зардап шеккендер, Ауғанстандағы және басқа елдердегі әскери іс-қимылдан жапа шеккен мүгедектер мен ардагерлер тұрақ үшін ақы төлемейді.