АСТАНА, 18 қаңтар — Sputnik. Алматы облысындағы балабақшадан былық шықты. Өтеген батыр кентіндегі жекеменшік бөбекжайдың басшысына жақпаған тәрбиеші өзіне қол жұмсаған. Ол уыс-уыс дәрі ішіп, өлім аузынан әрең аман қалыпты, деп хабарлайды Алматы телеарнасы.
Өтеген батыр ауылындағы "Сұңқар" балабақшасында 2 жылдан бері тәрбиеші болып, алаңсыз еңбек еткен Айгүл Нұрбаеваның жыл басында басына қара бұлт үйірілген. Қарауындағы балалардың ата-аналары торт әкеліп, оны бөбекжайдың ас бөлмесіне кіргізіпті. Сол жерде қабырғаның көгергенін көріп, шу шығарған. Бұдан кейін меңгеруші Балжан Еламанқызы Айгүлді "ата-аналарды ас үйге әдейі кіргіздің" деп кінәлап, жұмыстан қуған көрінеді. Бірақ, азын-аулақ болса да, айлығымен 2 баласын асырап жүрген жалғызбасты келіншек мұндай қысымға шыдамаған. Осылайша, өзіне қол салыпты.
"Қайыршы, бейшара, сүміреймей өтінішіңді тез жаз деді. Өзім де не айтарымды білмей қалдым, ана жерде үн-түнсіз жылап шығып кеттім. Үйге келдім де бір уыс дәріні ішіп алдым",-дейді жәбірленуші Айгүл Нұрбаева.
"Меңгеруші ата-аналардың көзінше намысымды қорлады" деп ашуға булыққан Айгүлдің өзіне қол саларда екі баласын ойлауға да шамасы келмепті. Тек, жақын құрбысының телефонына қос перзентін аманаттауға ғана мұршасы келіпті.
Қазір Айгүл еңбек демалысында жүр екен. Бірақ, басшысы демалыс уақыты біткенде жұмыстан өз еркіңмен кетуге арыз жазасың депті. Шақша басы шарадай болған тәрбиеші, бұдан әрі қалай күн көрерін білмей отыр.
Тілшілерді "Сұңқар" балабақшасының есігінен қарсы алған әйел, бастапқыда өзін Жаннұр Борашқызы деп таныстырып, Айгүлге тіл тигізген меңгеруші жұмыстан шыққанын жеткізді. Ал, орнына өзі тағайындалғанын айтып қалды. Бірақ, кейін қарамағындағы қызметкердің бірі біз іздеген меңгерушінің, дәл осы кісі екенін жайып салды.
Былығын жасырды ма, әйтеуір балабақша меңгерушісі бір сөз айтпастан есікті тарс жапты. Ал, аудандық білім бөліміндегілер бұл сұмдықтан хабардар. Алайда, жеке кәсіпкерге тиесілі мекемеге тісі батпай отыр. Қазір Айгүл Нұрбаеваның арызы бойынша, қылмыстық іс қозғалған.