АСТАНА, 10 қаңтар — Sputnik. Соңғы үш жылда Қазақстанда 2,5 мыңнан астам адам жемқорлық үшін сотталған. Бұл туралы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы жолдауында айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Президент елімізде жемқорлықпен күрес жалғаса беретінін атап өтті.
"Соңғы 3 жылда ғана жоғары лауазымды шенеуніктер мен мемлекеттік компаниялардың басшыларын қоса алғанда, жемқорлық үшін 2,5 мыңнан астам адам сотталды. Осы уақыт ішінде олардың 17 миллиард теңге көлемінде келтірген залалы өтелді", — деді Назарбаев.
Елбасының пікірінше, жемқорлықпен күресте цифрландыру маңызды рөл ойнайды.
Сондай-ақ Назарбаев сот және құқық қорғау жүйелерін институционалды тұрғыдан өзгерту жүзеге асырылып жатқанын айтты.
"Заңнамаға қылмыстық процестегі азаматтардың құқықтарын қорғау ісін күшейтуді, оның әсіре қатаңдығын бәсеңдетуді көздейтін нормалар енгізілді. Адвокаттардың құқықтары мен сотқа дейінгі сатыдағы сот бақылауының аясы кеңейді. Құқық қорғау органдарының өкілеттігі мен жауапкершілік шегі айқындалды. Азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстарын жалғастыру қажет", — деді президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, көшелерде және адам көп жиналатын қоғамдық орындарда бейнебақылау жүргізетін, азаматтарды анықтайтын және жол қозғалысын қадағалайтын интеллектуалды жүйелерді белсенді түрде енгізу керек.
Айта кетсек, бүгін Елбасының "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" атты жыл сайынғы Қазақстан халқына жолдауы жарияланды. Жолдауда болашақта жүзеге асырылуы тиіс 10 негізгі міндет айқындалған.