Өңірлер

Назарбаев: Келешекте Алматы мен Астанада тек электромобильмен жүруіміз керек

Мемлекет басшысы Алматы әкімімен кездесуде экологияны жақсарту мәселесін көтерді
Sputnik

АСТАНА, 7 қаңтар — Sputnik. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекті қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Қазақстан Президентінің Алматыдағы резиденциясында өткен кездесу барысында Бауыржан Байбек Мемлекет басшысына қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Назарбаев жол жүру ережесін бұзуға қатысты жауапкершілікті жеңілдететін заңға қол қойды
Нұрсұлтан Назарбаев Алматының республика экономикасында маңызды рөл атқаратынын атап өтіп, қаланың даму мәселелерін ұдайы назарда ұстайтынын айтты.

– Егер қала халқы 2 миллион адамнан асса, ол экономикалық тұрғыдан өзін-өзі толық қамтамасыз ете алады. Қаланың дамуы жаңа мүмкіндіктер туғызып, шағын және орта бизнестің ілгерілеуіне жол ашады. Мұндай қалалар шикізатсыз-ақ көркейіп, елімізді өркендетуге үлес қосады, – деді Елбасы.

Қазақстан Президенті Алматыны газбен қамту және оның экологиясын жақсарту мәселелеріне назар аударды.

– Бізге электр станциялары мен тұрғын үйлерді газбен қамту, қоғамдық және жеке автокөліктерді газбен жүргізуге көшіру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажет. Келешекте біз Алматы мен Астанада тек электромобильмен жүретін жағдайға жетуіміз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Алматы қаласының әкімі Елбасыға қаладағы автомобильдерге арналған үлкен айналма жол құрылысының басталғанын айтып, оған 1,5 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылғанын мәлімдеді.

Байбек "Ескі баспана" бағдарламасы бойынша салынған үйлердің сапасын сынға алды
– Бұл жоба іске асырылған кезде қаладағы көлік кептелісін күніне 10 пайызға немесе 40-60 мың автомобильге азайтуға мүмкіндік береді. Ол қаланың экологиялық жағдайын жақсартып, Алматының көлік-логистика желісін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жүйесіне қосатын болады, – деді Бауыржан Байбек.

Сонымен қатар кездесу барысында өнеркәсіп кәсіпорындарын қала сыртына көшіру мәселелері қарастырылып, азаматтардың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету жөнінде Алматы қаласы әкімдігі атқарып жатқан шаралар талқыланды.

– Биыл 6 мыңға жуық жалдамалы пәтер, оның ішінде Атлеттер қалашығынан 1748 пәтер берілді. Осылайша, кезекте тұрған әрбір үшінші отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді, – деді қала әкімі.

Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласының одан әрі дамуына қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.