АСТАНА, 28 желтоқсан — Sputnik. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев әкімшілік құқық бұзушылық және жол жүру ережесін бұзуға қатысты жауапкершілікті жеңілдететін заңға қол қойды, деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы әкімшілік-деликтік құқықты әрі қарай ізгілендіруге, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау барысында заңдылықты күшейтуге бағытталған "Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жұмыс барысында мәжіліс қолдаған заң жобасына өзгертулер мен толықтырулар енгізілген болатын.
Әділет министрлігінің мәліметінше, жол жүру ережесін бұзғаны үшін салынатын айыппұлдар біраз төмендетілді.
Мәселен, жасанды мемлекеттік нөмір орнатқаны үшін ірі кәсіпорындарға 1000 АЕК салынған болса, заң бойынша айыппұл 400 АЕК-ке дейін төмендетіледі.
Сонымен қатар жылдамдықты шектен тыс арттырғаны үшін салынатын айыппұлды да төмендету жоспарланған. Қазір 10 км/с пен 20 км/с аралығындағы шамада жылдамдықты шектен тыс арттыру үшін салынатын айыппұл 10 АЕК. Бұл сома 5 АЕК көлеміне дейін қысқартылмақ.
Жаяу жүргіншілерге келер болсақ, олардың да жауапкершілігін жеңілдету қарастырылған. Жаяу жүргінші жол жүру ережесін бір жыл ішінде екінші рет бұзған болса, бұрынғыдай 15 АЕК емес, 10 АЕК айыппұл төлейді.